Бокс • 11 Сәуір, 2022

Таиландтан табысты оралды

121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таиландтың курортты аймағында орна­ласқан Пхукет қаласында ұйымдас­тырыл­ған бокстан дәстүрлі Thailand Open-2022 халықаралық турнирі мәре­сіне жетті. Дүние жүзінің 20-ға жуық елінен келген былғары қолғап шебер­лері қатысқан жарыста Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі боксшылары өнер көрсетті. Турнирге бас бапкер Қайрат Сәтжановтың басшылығымен барған ең үздік деген 11 боксшымыз қатысып, нәтижесінде, үш алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

Таиландтан табысты оралды

Халықаралық турнирдегі алғашқы алтынды ел қоржынына 2021 жылы Сербияда ұйымдастырылған әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов салды. 57 кило салмақта өнер көрсеткен отандасымыз іріктеу кезеңдерінен бастап, финалға дейінгі қарсыластарын еш күмәнсіз жеңді. Жартылай финалда ринг қожайыны Руджакран Джунтронгты ұпай саны бойынша қапы қалдырып, финалға жолдама алды. Турнирдің финалдық бәсекесінде жерлесіміз 2019 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Филиппин өкілі Ян Кларк Баутистамен бас жүлдені сарапқа салды. Үш раундта да қарсыласына қарағанда көп соққы жұмсап, рингте белсенді қимылдады. Нəтижесінде, барлық төреші С.Теміржановтың мықтылығын мойындап, жерлесіміз алтыннан алқа тақты.

Екінші алтын медальды жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (81 кило) жеңіп алды. Жеребеге сәйкес жекпе-жектерін жартылай финалда бастаған отандасымыз алғашқы айқасында таиландтық Анават Тонгкатокты мерзімінен бұрын жеңіп, финалға жолдама алды. Жерлесіміздің ауыр соққыларына шыдай алмаған таиландтық боксшы екінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, жеңілгенін мойындады. Финалдық айқаста қазақстандық боксшыны Үндістанның мақтанышына айналған әйгілі Ашиш Кумар күтіп тұрды. 2019 жылы 75 кило салмақта Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (финалда қазақстандық Тұрсынбай Құлахметтен жеңілді) атанған боксшы Таиландтағы турнирдің алтынынан дәмелі еді. 

Алайда ауыр салмақтағы боксшылардың айқасында жерлесіміз үндістандық боксшыға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Аса тартысты өткен кездесудің бірінші раундында төрешілер жеңісті аралас дауыспен Нұрбекке берген (4:1) болса,  екінші және үшінші раундтарда отандасымыз бес төрешінің де дауысына ие болды. Нұрбек Оралбай – турнир чемпионы!

Көп кешікпей Нұрбектің сыңары Айбек те шаршы алаңға көтеріліп, ол да Таиландтағы турнирдің жеңімпазы атанды. 91 килода өткен жартылай финалдық жекпе-жекте Айбек Оралбай Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір боксшысы Сағындық Тоғамбаймен жұдырықтасты. Төрешілердің басым дауысымен жеңіске жеткен Айбек финалға жолдама алды. Алайда финалдағы қарсыласы белгісіз себеппен рингке көтерілген жоқ. Сөйтіп, Айбек Оралбай ел қоржынына үшінші алтын медальды салды.

Өкінішке қарай, финалда өнер көрсеткен екі боксшымыздың жолы болмай, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (69 кило) жартылай финалда жергілікті боксшы Атичай Фомсапты екінші раундта нокаутпен жеңгенімен, финалда тағы бір таиландтық Бунджонг Синсириден жеңіліп қалды. Алғашқы раунд Шымбергеновтің пайдасына аяқталғанымен, екінші раундта Бунджонг жерлесімізді бір рет ауыр соққысымен нокдаунға түсірді. Үшінші раундта да Синсири мықтылық танытты.

Ал 63 килодағы Сұлтан Мусинов жартылай финалда тағы бір жерлесіміз Санатәлі Төлтаевті жеңгенімен, финалда Таиланд өкілі Сомчай Вонгсуваннан айласын асыра алмады. Сөйтіп, ол да күміс медальды қанағат тұтты.

Жартылай финал бәсекесінде жекпе-жектерін аяқтаған Санатәлі Төлтаев (63,5 кило), Сағындық Тоғамбай (91 кило) және Аятолла Тәкіжанов (75 кило) Thailand Open халықаралық турнирінің қола жүлдегерлері атанды.

Жалпыкомандалық есепте Таиланд құрамасы күміс жүлдесінің (4) көптігіне байланысты топ жарды. 3 алтын, 3 күміс жүлдесі бар Үндістан екінші орынға табан тіресе, Қазақстан үздік үштікті түйіндеді.