Елорда • 11 Сәуір, 2022

Елордада газ тартуға арналған әлеуметтік көмек мөлшері артты

458 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11 сәуірден бастап елордада үйлерді газға қосуға әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайтылды. Бұл бастаманы қала әкімі Алтай Көлгінов ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада газ тартуға арналған әлеуметтік көмек мөлшері артты

Осылайша егер бұрын аз қамтылған санаттарға 90 АЕК  (260 мың теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай көмек бөлінсе, енді осы әлеуметтік көмектің мөлшері 130 АЕК-ке дейін (410 мың теңгеден астам) ұлғайтылды. Әлеуметтік көмекті арттыру туралы ұсынысты қалалық мәслихат қолдады. Әлеуметтік көмектің бұл түрін алу үшін egov.kz порталы арқылы өтініш қалдыру керек.

Еске сала кетсек, елордада жеке секторды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынған, желілер 9 тұрғын алабына жеткізілді. Қалған екі аудан бойынша да газ тарату желілерін салу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі.

Қаланы газдандыру қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам отбасы газға көшті. Газға қосылған үйлердің саны күн сайын артып келеді. Сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандықтары да газға ауыстырылды.