Қазақстан • 11 Сәуір, 2022

Абыройлы азамат

464 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеуден Қазақстанға келіп, атамекендегі алғашқы қызметтік жолымды бұрынғы Торғай облысында бас­тадым. Осы тарихи өңірде еңбек етіп жүргенде, елге тіреу болған мықты азаматтармен таныстым. Соның бірі, осы өлкенің перзенті – Аманкелді Садырбеков. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтсе де, Әбекең екеуміздің сол кезден басталған таныстығымыз сыйластыққа, сыйластығымыз достыққа айналды.

Абыройлы азамат

«Ат аунаған жерде түк қалады» дейді халқымыз. Аманкелді Төлеубайұлы – киелі Қима жерінде өмірге келіп, ата жолын берік ұстаған текті әулеттен өрбі­ген. Әкесі Төлеубай мен анасы Мағ­рипа қарапайым, қанағатшыл, қайы­рымды адамдар болған. Екеуі Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында отау құрады. 1942 жылы Төлеубек қария әскерге алынып, Ленинград майданына түседі. Соғыс аяқталғанша жауынгерлік борышын атқарғаннан кейін, тағы бір жыл әскерде болып, елге 1946 жылы оралды. Қанды қырғыннан аман кел­дім деп, сағынтып туған тұңғыш ер баласының атын Аманкелді қояды.

Ол Целиноград ауылшаруашылық институтын бітіргесін, алғашқы еңбек жолын − Жақсы ауданындағы «Есіл» кеңшарынан бастады. Алдымен бөлім­ше зоотехнигі, кейін меңгеруші болып, ша­руашылықтың қыр-сырын үйренеді. Одан соң Жақсы, Қима аудандарында комсомол ұйымын басқарып, жастар­мен қоян-қолтық жұмыс істеп, жаңа­шыл істерге бастамашы болды. Ұйымдастырушылық қабілетін шыңдады. Енді оны аудан басшылығы сол кездегі қалыптасқан тәртіппен пар­тиялық қызметке тартып, Қима ауда­нындағы «Кеңарал» совхозына партия комитетінің хатшылығына жіберді. Осы қызметте жүргенде идеологияны ғана емес, шаруашылықты да жетік мең­ге­ріп, жұртшылықтың алғысын алды. Жиын­дарда елдің толғандырған мәсе­лесін батыл қозғап, ойларын ашық ай­тып, облыс басшыларының көзіне түсті.    

Әсіресе оның басшылық қабілеті мен іскерлігі Торғай облысының Аман­гел­ді ауданындағы енді ашылған «Қа­ра­торғай» кеңшарының директоры болғанда кеңінен танылды. Жаңадан құрылған шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, іргесін бекітуге көп күш жұмсады. Кеңшар орталығын салуға студенттер отряды мен 400-ге жуық адамы бар бірнеше құрылыс бригадасын жұмылдырды. Бір жыл ішінде 200-ге жете тұрғын үй, екі қабатты орта мектеп, совхоз кеңсесі, екі қабатты сән­­ді клуб, техникалар тұратын үлкен га­раж, машина-трактор шеберханасы және токорлық цех салынды. Сөйтіп, «Қа­ра­торғай» кеңшары бас-аяғы 4-5 жыл ішінде Амангелді ауданындағы қуатты шаруашылықтың біріне айналды. Астық өсіру мен төл алудан аудан шаруашылықтарының алдынан көрінді. Жергілікті жұртты бау-бақ­ша егуге тартты. Жаңа шаруашылық құрылыс салу сапасынан облыстағы ең таңдаулы үш совхоздың бірі атанды. Жаңа кеңшарды аяғынан тұрғызып, түзу жолға салғаннан кейін Аманкелді Төлеубайұлы Амантоғай және Арқалық ауданында ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы болды. Бұл жерде де күндіз-түні қазандай қайнап жататын шаруашылық жұмысын жақсартуға жан салып, қызмет істеді. Сосын көп ұзамай Торғай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы, жақында ғана өмірден озған асыл ағамыз Кеңес Әубәкіровке бірінші орынбасар болып тағайындалды. Бұл қызметті де ол жатырқаған жоқ. Облыстың оңтүстік, солтүстік аудандарында еңбек етіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін жақсы білгендіктен оған онша қиындық тудырмады. Осы қызметті абыроймен атқарғанын облыстың Октябрь ауда­нындағы бір кеңшардың бас экономисі болғанымда өзім көзіммен көрдім. Кейі­нірек кеңшар директоры қызметіне тағайындалар кезде қабылдауында болып, алдынан өттім. Сонда оның ауыл шаруашылығын жетік білетін басшы екенін байқап, адамгершілік қасие­тіне тәнті болдым. Біраз уақыттан кейін Аманкелді Садырбеков Амангелді ау­дан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі болған, Амангелді, Кейкі, Әбдіғапар секілді арыстар туған өлкеге келген жас хатшы жаңа қызметке құлшыныспен кірісті. Бұл ауданның тарихы терең болғанымен, проблемасы көп, сол жылдары дамуы кенже қалған республикадағы 30 ауданның бірі болатын. Алдымен ол жергілікті кадрларға арқа сүйеп, сонымен бірге облыс көлеміндегі іскер жігіттерді ауданға шақырып, өңірге леп әкелді. Оған жергілікті халық алға­­шында тосырқап қарағанымен, оның жаңаша ойлайтын іскерлігін көріп, жұртшылық жылы қабылдады. Бұрынғы басталған жұмыстарды жалғастырып, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының тамырларына қан жүгіртіп, тұрмыс-тіршілігіне оң жаңалықтар мен өзгерістер әкелді. Әсіресе мал шаруа­шылығын дамытудың жолын кеңінен қарастырып, шопандарға назар аударылып, қолдау көрсетілді. Еңбекті ынталандыру бірінші кезекке қойылды. Еңбек адамдарының алатын табысын жеткен жетістігімен байланыстырып, ауылда жаңа реформаларды жүзеге асырды. Мал өсіру тәсілдерінде озық өзгерістер таратылды. Батыр атындағы аудан облыстағы экономикасы дамыған озаттар қатарына қосылды. 1988 жылдың қорытындысында Амангелді ауданы Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алып, аты республиканың Алтын кітабына жазылды. 1989 жылы ау­дан мал өсірушілер бойынша әр 100 сау­лықтан 95-тен төл алып, нәтижесінде Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Сонымен қатар жергілікті ауылдар үлкен құрылыс орын­дарына айналды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды, жол құ­ры­лысы қарқынды дамыды. Ауылдар арасына жол, көпірлер салынып, ауданмен берік қатынас орнатылыпты. Мәдени ошақтар, еңселі спорт кешені бой түзеді. Аудан орталығының келбеті өзгеше жаңғырды. Амангелді ауданында қызмет атқарған жылдары ол өзінің іс-тәжірибесін, білім-білігін кеңейтіп, қаймағы бұзылмаған қазақы өлкеде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, мінез-құлықты терең меңгерді. Көпті көрген қазыналы қариялармен жақын араласып, солардың батасын алды. Қысқасы, батыр атындағы аудан экономикасы мен рухани өмірін арттыруға лайықты үлесін қосты.

1990 жылы Торғай облысы қайта ашылған кезде Әбекең облыстық агро­өнеркәсіп кешенінің басшысы және облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келді. Бұл өте күрделі қиындықтар белең алған уақыт еді. Кеңес Одағының құлдырауы басталған кезде жаңа құрылған облысты көтеру оңай емесі анық. Ол осы жауапты сынның бел ортасында жүрді.

Еліміз егемендігін жариялап, жаңа дәуірге бет бұрған кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселесі алдың­ғы қатарда тұрды. Республикалық Мем­лекеттік мүлік комитетінің төраға­сы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенімде, оның адалдығы мен тәжірибесін ескеріп, Торғай облысы мемлекеттік мүлік коми­теті төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне шақырдым. Ол осы бір сындарлы сәтте облыста нарықтық экономикалық қатынасты енгізу ісіне жетекшілік жасады. Шын­дығын айтқанда, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру еліміздің тарихында бұрын болмағандықтан, бұл салада көп ізденіп, жаңа әдіс-тәсілдер пайдалану керек болды. Тіпті осындай қызмет жа­сау­ға дайын мамандар бізде мүлде жоқ еді. Бәріміздің сана-сезіміміз бен көзқарасымыз және жұмыс тәсіліміз Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан. Сон­дықтан да жұмыс барысында Әбе­кең жоспарланған өзгерістерге сын көзімен қарап, жан-жақты сараптап отырды. Жаңалықтарды құптап, оны іс жүзіне асыруға барын салды. Адал­дығы мен парасаттылығы жаңа жұ­мысқа бейімділігін көрсетті. Онымен бірлесіп, көптеген мәселелердің шешу жолын іздедік. Кемшілік те болды. Әбе­кең­нің ашық айтқан сындары, батыл ұсыныстары қажет жерінде кәде­ге де жарады. Азаматтық позициясы мықты, мінезі турашыл Әбекеңнің кей­бір ойлары көңіліме де қонды.Ауыл шаруашылығын жекешелендіру кезінде оның көңілінде біраз күдік болғанын білемін. Бір жағынан, өзі істеген кеңшар жүйесін қимады. Ал екінші жағынан, өзгерістер керектігіне көзі жетті. Жан-жақты сараптап, байсалды реформалар жасауды құптады. Білікті басшы шаруа қожалықтарын біріктіру қажеттігін айтты. Бұл ұсынысы қазіргі күнде де өз маңызын жойған жоқ.

Торғай облысы жабылғаннан кейін Аманкелді Төлеубайұлы Президент Әкім­шілігіне мемлекеттік инспектор қыз­метіне тағайындалып, Батыс Қа­зақ­­стан, кейін Ақмола облыстарында Президенттің өкілі болып қызмет атқарды. Бұл орында да ол мол тәжі­рибесінің арқасында нәтижелі жұмыс істеді. Бірер уақыт Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің Астанадағы өкі­лі болды. Сол кезде облыстың проблемаларын шешуге белсене қатысты.

Ол осы дәрежеге өз еңбегімен жетсе де, қызмет барысында қолдау білдіріп, ағалық ақылын берген, бұрынғы Торғай облысының басшылығында болған Е.Әуелбеков, О.Қуанышев, М.Сағдиев, Ө.Жәнібеков, К.Әубәкіров, К.Укин секілді азаматтардан тәлім-тәрбие ал­ға­н­ын аузынан тастамай, олардың қайраткерлігі мен еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп жүреді. Әбекең қызметте ғана емес, отбасында да бағы жанған азамат. Асыл жары Қарлығаш екеуі елу жылдан аса бірге өмір сүріп, бала тәрбие­леп, немере-шөбере сүйген ата-әже болып отырған үлкен әулеттің иесі. Оның досқа адалдығы да жан сүйсінтеді. Жерлестері Әбекеңді алғыс арқалаған азамат дейді. Алғыс − адамның абыройын асқақтатады.Одан артық адамға қандай баға керек...

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері