Қазақстан • 12 Сәуір, 2022

Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды

487 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси партиялар, ардагерлер кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, блогерлер және өңірдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті, деп хабарлады ОСК-нің баспасөз қызметі.

Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды

Кездесуге Мемлекет бас­шы­сының наурыздағы Қазақ­стан халқына Жолдауында ай­тылған сайлау процесін жаң­ғырту жөніндегі бастамаларын түсіндіру және талқылау арқау болды. Жиынға қатысушылар маңызды құжатта ұсынылған тың бастамаларды оң бағалап, өкілдік билік органдарын сайлаудағы аралас сайлау жүйесіне баса назар аударды. Олардың пікірінше, алда­ғы уақытта Мәжіліс депутат­тары санының жартысы мажо­ритарлық принцип бо­йынша сайлануға тиіс. Басқо­суда облыс әкімдерінің сайлан­балы­лығын енгізу, сайлау жарнасын төмендету, депутаттыққа кандидаттар үшін салық декларацияларын тапсыру рәсімдерін қайта қарау және мүмкіндігі шектеулі жандарды ілгерілету туралы ұсыныстар алға тартылды.

Сонымен қатар кездесуде сайлау комиссияларын құру және олардың қызметі, ба­қылаушылардың құқықтары мен өкілеттіктерінің сақталуы, оларды жүйелі түрде оқы­ту, сайлау учаскелерін бейне­бақылау камераларымен жаб­дықтау мәселелері қозғалды. Мазмұнды әрі белсенді түрде өткен пікірталас кезінде балама ұсыныстар мен пікірлер де айтылды.

Сайлау процесіндегі Еxit poll рөлі, сондай-ақ осы рәсім­ді тәуелсіз қоғам­дық ұйым­дар­дың қатысуымен өткізу мүм­кіндігі сөз болды. Осы мәсе­ле­ні көте­ріп, сөз алғандар мұн­дай сауал­нама­ны жүргізу сай­лаушылардың саяси мә­де­ниетін арттырып, сайлаудың ашық­­­ты­ғын қамтамасыз ете­тін­дігін алға тартты.

Өңірдегі іссапардың ма­ңызды бөлігі студенттер жә­не жастар ұйымдарының өкіл­дерімен кездесу болды. Ер­кін диалог форматында өткен бас­қосуда электронды дауыс беру жүйесін енгізу, оның ба­сымдықтары мен кемшілік­тері сынды мәселелер тал­қыға түсті. Жастардың көпші­лігі электронды дауыс бе­рудің тиімділігі мен қарапайым­дылығын атап өтсе, өзгелері бұл жүйеге қатысты бірқатар қауіп-қатер бар екенін айтты.

Келелі жиында жастар аудиториясы сайлау процесінің өзекті тақырыптары бойынша өткізілген онлайн сауалдамаға қатысты. Сауалдама нәти­же­лері респонденттердің 43,8%-ы – электронды, 42,9%-ы аралас дауыс беру жүйесін енгі­зуді қолдайтынын көрсетті. Сондай-ақ респонденттердің 68,8%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуге тиіс және лингвистикалық емтихан тапсыру міндетті деп санайды. Ал сауалнамаға қатысушылардың 61,6%-ы соттылығы бар азаматты Пре­зидент, депутат, әкім секілді сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деп санайды.

Өңір жастарымен өткен кездесу соңында Н.Әбдіров оларға мазмұнды әрі тартымды диалог үшін алғыс айтып, Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысуға шақырды.

Сапар аясында ОСК төр­ағасы Теректі ауданына қа­расты Подстепное ауылдық округінің тұрғындарымен және осы ауылдың 2021 жылғы 25 шілдеде сайланған әкімі Сержан Мәдиевпен кез­десті. Кездесуде ауыл әкі­мі өзінің сайлауға қатысу тәжі­рибесімен бөлісті. Ауыл тұр­ғындары елді мекенде өткен сайлауды және өздері сайлаған әкімнің жұмысын оң бағалайтындарын жеткізді.

Ауыл әкімі лауазымына кандидаттардың барлығы қатысқан пікір алмасу барысында ашық дебат өткізу, осы лауазымға кандидаттардың міндетті түрде жоғары білім­дерінің болуы және заңды білу қажеттігі туралы мәселелер де қозғалды.

ОСК төрағасының Батыс Қазақстан облысының жұрт­шылығымен кездесулері басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде трансляция режімінде көрсетілді. Н.Әбдіровтің келесі жұмыс сапары Семей қаласына жос­парланып отыр.