Қорғаныс министрі жылжымалы басқарма пунктінен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері лауазымды адамдарының оқу-жаттығу шеңберінде өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттарын тыңдады.
Өңірлік қолбасшылықтар мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылары өздерінің басқару пункттерінен қауіпті бағыттарда топтар құру және қойылған оқу-жауынгерлік міндеттер туралы баяндады. Олардың орындалу барысы Бас штабтың жылжымалы басқару пунктіне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы көрсетілді.
Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы арнайы міндеттерді орындауға тартылатын бөлімшелерді қолдану тәртібін баяндады. Генерал-лейтенант Р.Жақсылықов оқу-жаттығудың негізгі мақсаты Президент Қ.К.Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмасын іске асыру болып табылатынын атап өтті.
Осыған байланысты Қорғаныс министрі басқару органдарының жауынгерлік жұмысын ұйымдастыру және әскерлердің арнайы әскери операциялар барысындағы тапсырмаларды орындауы, сондай-ақ жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері жөнінде нұсқаулар берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Батыл тойтарыс-2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтіп жатыр.
Жаттығуларға Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамалары мен бөлімдері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Оқу-жаттығулар 16 сәуірге дейін жалғасады.