Аталған жарыста қазақтың аса дарынды теннисшісі Заңғар Нұрланұлы да өнер көрсетті. Словениялық Зиго Шешкомен жұп құраған ол бастапқы бәсекелердің барлығында жеңіске жетіп, жартылай финалда ресейлік Савва Рыбакин мен түркиялық Мұстафа Егеден басым түсті – 6:3, 6:4. Финалда германиялық Диего Паломеро мен Нильс Макдональдпен бас жүлдені сарапқа салды. Үш сағатқа созылған бұл сайыс 6:1, 5:7, 5:10 есебімен неміс ойыншыларының пайдасына шешілді. Сондай-ақ Заңғардың жекелеген сайыста үшінші кезеңге дейін жеткенін де атап өткен жөн. Бұл межеде қандасымыз Румынияның өкіліне есе жіберді.
Еуропаның чемпиондық рейтингінде көш бастап келе жатқан З.Нұрланұлы бұған дейін де көптеген халықаралық турнирде топ жарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Енді ол Үндістанда өтетін әлем біріншілігінде Қазақ елінің намысын қорғайды. Бұл жарыс 18 сәуірде басталады.