Астана медицина университетінде бұл бағыттағы жұмыстарды кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттар мен докторанттар университеттің ғылыми және оқу зертханалары негізінде және де Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың базасында жүргізеді.
Астана медицина университетінде, оның ішінде басқа да отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша тұрақты негізде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2017-2019 жылдары «Функцияларын ауыр түрде жоғалту және күрделі асқынулармен жарақаттар салдары мен созылмалы ауруларды емдеу нәтижелерін жақсартуға арналған жаңа медициналық технологиялар» ғылыми бағдарламасы аясында травматология және ортопедия және хирургия саласындағы жетекші қазақстандық ғылыми ұйымдармен бірлесіп, жамбас буыны эндопротезінің ұршықтық бөлігінің үлгісі әзірленді. Операциядан кейінгі ерте кезеңде жамбас сүйегінің ұршықтық сынығы остеосинтезінен кейін аяқ буындарын жаттықтыруға арналған құрылғы ұсынылды.
Сонымен қатар, жасушалық технологияларды пайдалана отырып, тізе буынының шеміршек тінінің ақауларын емдеу әдістемесі әзірленді, кеуде омыртқасының сынықтарына аз инвазивті технологиялар, туа біткен кифосколиозы бар балалар мен жасөспірімдерді хирургиялық емдеудің жаңа технологиялары, нанокүміспен спейсерді қолдану арқылы тізе буынының перипротездік инфекциясын емдеудің жаңа әдісі енгізілді. Осы әзірлемедердің барлығы созылмалы аурулары мен жарақаттары бар науқастар арасындағы өлім мен мүгедектік деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасында дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы аясында қазіргі уақытта қазақ популяциясында жас балаларда эпилепсияның дамуындағы генетикалық факторлардың рөлі диагностика мен емдеу әдістерін жетілдіру мақсатында зерттелуде. Әлеуметтік-экономикалық, психоәлеуметтік және мінез-құлық факторларының халықтың денсаулығына және созылмалы инфекциялық емес аурулар мен COVID-19 дамуына әсері де зерттелуде.
Айта кетерлігі, оқу орнының негізінде еліміздегі жалғыз иондаушы сәулелердің адам ағзасына тигізетін әсерін зерттеуге және радиацияның адамға тигізетін қаупін азайту әдістерін әзірлеуге маманданған Радиобиология және радиациядан қорғау институты жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша соңғы жылдары Институттың жүзеге асырған жобаларының ішінде Сырдария уран кенішіндегі жұмыс істеп тұрған уран өндіруші кәсіпорындардың техногендік факторларының қоршаған ортаға және олардың ықпал ету аймағында тұратын халықтың денсаулық жағдайына кері әсерін бағалады. Бұл ретте осы өңірдегі белсенді уран өндіретін кен орындарына жақын орналасқан елді мекендер аумақтарындағы радиоэкологиялық жағдайға алғаш рет объективті баға берілді. Қоршаған орта объектілерінде және азық-түлік өнімдерінде радионуклидтердің концентрациясы белгіленді, тамақ өнімдерін тұтынуға байланысты ішкі әсер етудің ықтимал дозасы есептелді. Уран кен орындарының маңында тұратын халықтың денсаулығының жай-күйіне баға беріліп, осы аймақтың денсаулығын жақсарту шаралары ұсынылды.
Степногорск қаласының маңында орналасқан уран өңдеу кәсіпорындарының радиоактивті қалдықтар қоймаларының әсер ету аймақтарында тұратын тұрғындар үшін радиациялық қауіп-қатерді азайту әдістерін зерттеу және әзірлеу бұрын да жүргізілген. Институт биылдан бастап Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қаржыландыратын радиациялық қауіпсіздік бойынша эталондық зертханасы бар ұлттық оқу орталығын құру жобасын жүзеге асыруға кіріседі.
Университетте қалыптасқан танылған ғылыми мектептердің қатарында академик Е.Д. Даленованың профилактикалық медицина мен тамақтану ғылыми мектебі қалыптасты. Соңғы жылдары осы ғылыми мектеп ғалымдары «Аурулардың алдын алу және өмір сүру кезеңіне байланысты тамақтануды оңтайландыру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жүйесін әзірлеу және енгізу» жобасын жүзеге асырды. Осы зерттеу шеңберінде Қазақстан Республикасындағы алиментарлық тәуелді аурулардың деңгейі зерттелді, халықтың денсаулығы мен тамақтану жағдайы бағаланды, макро және микроэлементтердің балансын ескере отырып, «Нутрициология картасы» әзірленді және диеталық тамақтанудың негізі және алиментарлық тәуелді патологиялардың дамуының негізгі предикторлары анықталды. Бұл жобаны іске асыру халықтың әртүрлі топтарындағы өмір сүру сапасын жақсарту және өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.
«Қазақстан медицина ғылымының дамуына академик Р. Рахымжанова басқаратын радиология ғылыми мектептерінің, академик Р. Төлебаев басқаратын оториноларингологияның және басқа да бірқатар ғылыми мектептердің мамандары жүргізген әзірлемелер мен зерттеулер үлкен үлес қосуда».
Университетте соңғы жылдардағы ғылыми-зерттеу ізденістері бағыттарының бірі Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы климаттық, метеорологиялық және экологиялық факторларды ескере отырып, негізгі жүрек-қантамыр ауруларының кешенді алдын алу және алғашқы медициналық-санитарлық көмекте өлім-жітім деңгейін төмендету болды. Осы зерттеу аясында «Аймақтың климаттық және экологиялық факторларын ескере отырып, негізгі жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуларының алдын алу бойынша семафор» электронды сервисі әзірленді. Осы зерттеу нәтижелері климаттық, метеорологиялық және экологиялық факторларды ескере отырып, жіті жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, асқынулар мен өлім-жітімді азайту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аздап жетістіктер туралы жаза кетсек. Ғалымдарымыздың еңбегі наградалармен ерекшеленіп, ұлттық және халықаралық деңгейде марапатталды және лайықты бағасын алды. Мәселен, 2021 жылы хирургиялық аурулар, бариатриялық хирургия және нейрохирургия кафедрасының профессоры Оспанов Орал Базарбайұлы 2021 жылы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының иеленді. Ол көптеген ғылыми әзірлемелер үшін медицина саласында бірінші болып «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын алды. Атап айтқанда, оның ғылыми-зерттеу жұмыстары патологиялық, яғни сау емес семіздік пен 2 типті қант диабетін, сондай-ақ артық салмақпен байланысты басқа да ауруларды хирургиялық емдеуге мүмкіндік беретін бариатриялық және метаболикалық хирургия сияқты жаңа бағытты дамытуға әкелді. Сонымен қатар, студенттер арасында ғылымды дамыту мақсатында – 2022 жылдың 11-сәуірінде Астана медицина университеті студенттері мен жас ғалымдарының 64-ші халықаралық конференциясы басталды. Екі күн ішінде конференцияға қатысушылар секциялық отырыстар аясында хирургия, акушерия және гинекология, педиатрия, сәулелік диагностика және медицинаның басқа да салаларындағы ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін, соның ішінде практикалық денсаулық сақтауда сұранысқа ие зерттеулерді дамыту мен инновацияларды енгізу бойынша мәселелерді талқылауды көздейді.
Бүгінгі таңда Астана медицина университеті ғылыми-зерттеу университетіне айналдыру негізінде білім беру, ғылыми және инновациялық қызметті интеграциялауды одан әрі дамытуды негізгі міндет етіп қойып отыр. Зерттеу университетіне айналдыру жоғары оқу орнына практикалық денсаулық сақтаудың кадрларға және жаңа технологияларға өзекті қажеттіліктеріне тиімді жауап беруге мүмкіндік береді, бұл қазақстандық медициналық білім беру жүйесінің және тұтастай алғанда денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Виталий КОЙКОВ,
Астана Медицина университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, м.ғ.д., MBA