Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 33 бала қайтыс болды

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың басынан бері ел жолдарында 465 ЖКО орын алды. Жантүршігерлік жол апаттарынан 33 бала қайтыс болып, 592 адам жарақат алды. Бұл туралы брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Атығай Арыстанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 33 бала қайтыс болды

«Жол апаттарынан көбінесе балалар ауыр жарақат алады, оның ішінде өмірге сәйкес келмейтін ауыр жарақаттар да болады. Жол қозғалысы ережелерін білмегендіктен, жол жүру бөлігінде ойнайтын, белгіленбеген жерлерде көшелерден өтетін балалар зардап шегеді», деп түсіндірді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Атығай Арыстанов.

Қайғылы жағдайлар кәмелетке толмағандар жолды құлаққаппен кесіп өтіп, айналаға қарамаған кезде де орын алып жатады.

«Жыл басынан бері 465 ЖКО орын алып, 33 бала көз жұмды, 592 адам жарақат алды. Жақында Қызылорда облысында қайғылы оқиға орын алды: екі жасар баланы көлік қағып кеткен. Нұр-Сұлтанда да осындай жағдайлар жиі кездеседі. Облыстар бойынша мұндай мысалдар көп», деп қосты А. Арыстанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 5 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. 15 тәулікке қамауға алу және жүргізуші куәлігінен айыру сияқты қатаң санкцияларға қарамастан, мұндай бұзушылықтардың 7,5%-ға өсу үрдісі байқалады.