08 Сәуір, 2014

«Достық» ордені – ЮНЕСКО-ның бас директорына

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде осы Ұйымның Бас директоры Ирина Боковаға «Достық» орденін тапсыру салтанаты болды. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің атынан жоғары мем­лекеттік награданы тапсыра отырып, Ирина Бокованың білім, ғылым және мәдениет салаларында Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайту мен кеңейту жұмыстарындағы еңбегін атап өтті. 2013 жылғы тамызда Астана қаласында Бас директордың қаты­­суымен таныстыру рәсімі өткі­зілген Қазақстан бастамасымен қолға алынған ірі жоба – Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын (2013 – 2022 жж.) қолдағаны үшін алғыс білдірілді. Қазақстан наградасын қабыл­дай отырып, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілген сенімі үшін алғыс білдіріп, өзі үшін «бейбітшілік, достық және ынты­мақтастық деген үш сөзді бейнелейтін «Достық» орденін алу үлкен мәртебе» екенін атап өтті. Оның пікірінше, аталған сөз­дер, сонымен қатар, ЮНЕСКО миссияларының мәнін білдіреді. Ирина Бокова: «Мен бұл награданы, біздің ортақ құн­ды­лықтарымыз бен берік бейбіт­ші­лік пен орнықты дамуды қалып­тастырудағы бірлескен күш-жігерімізге адалдығымыздың символы ретінде ЮНЕСКО-ға көр­сетілген сенім деп қабыл­дай­мын», деп атап өтті. ЮНЕСКО Басшысының айтуынша, 2012 жылғы мамырда Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының IV съезіне қатысу үшін, сондай-ақ, 2013 жылғы тамызда Халық­ара­лық онжылдықты ашу үшін Қазақстанға сапары бары­сын­да Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың басшылығымен Қазақ­станда істеліп жатқан көптеген оңды істердің куәгері болған. Награда тапсыру рәсіміне Төтенше және уәкілетті елші, Қазақстанның ЮНЕСКО жанын­дағы Тұрақты өкілі Нұрлан Дәненов, шетелдердің Тұрақты өкілдері, ЮНЕСКО-ның Ерікті ізгі ниет елшілері мен әлем әртістері қатысты. «Егемен-ақпарат».