Бүгін біз осындай майталмандардың бірі, осы күндері есімі елеусіз қалғанымен, көз көргендер ардақтап, еске алып жүрген оңтүстік өңірінің ұланы, өмірден ерте озған, 1970-1980 жылдары республикамызға, КСРО-ға белгілі болған, қазақ күресінен бес рет Қазақстан чемпионы, түйе балуан атанған, сондай-ақ спорттың самбо, еркін күрес, дзю-до түрлерінен бірнеше рет республика чемпионы, ал каратэ-додан еліміздің және КСРО-ның абсолюттік чемпионы атақтарын жеңіп алған қара белбеу иегері, белгілі спортшы Болат Ақылұлы Алтынбеков жайында сөз қозғағанды дұрыс деп есептедік. Бұл есімді бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ өкілдері біле бермеуі де мүмкін.
Ол спорт саласында өзіндік орны бар ірі тұлға болды. Халқына бергенін азсынып, алдағы уақыттарда еселі де жемісті еңбек етуге білек түре кірісе бергенде, 1992 жылы қайғылы қазаға душар болып кете барды. Жарқырай шыққан жұлдызды ерте сөндірген ажал ызғары қазақ спортын ауыр қайғыға ұшыратып кетті. Өз асылымызды мадақтап, көкке көтеріп, ақыр соңында сол биіктен қара жерге бір-ақ тығатынымыз өкінішті-ақ. Мәселен, Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев, Әбдісалан Нұрмахановтардың о дүниелік болып кете баруларына себеп болған жағдайлардың беті ашылмай, құпия күйінде қалулары тұтас ұлтымыздың өкінішіне айналғаны рас. Бүгін біз сөз етіп отырған Болат Ақылұлы да қысастықтың құрбаны болып, өлімінің жай-жапсары анықталмай қала берді...
Белгілі журналист Несіп Жүнісбай кезінде Болат Ақылұлы туралы: «Қысқа ғана пәнилік жалғанда ел спортының алғашқы қарлығаштарының бірі болған Болат бауырымыз салған із-соқпақпен оның ізбасарлары елімізге абырой-атақ әперіп жатыр. Яғни Болаттың еңбегі, маңдай тері, ғұмыры босқа кеткен жоқ екен. Жас ұрпақ сол үлгілі ғұмырлардан үйреніп өссе, нұр үстіне нұр ғой. Әр ауыл, әр шаңырақ әр ата-ана Болат секілді ұл өсіріп берсе, егемен еліміз де қуатты бола түсер еді», деп жазған еді («Sport.kz» 19.09.2003). Міне, осыдан-ақ біздің кейіпкеріміздің осал еместігін аңғаруға болады.
Болат 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туып, балалық, жастық шағы Созақ ауданының Алтынтау, Қарақұр ауылдарында өтеді. «Болат жас кезінен бауырмал, кішіпейіл қасиеттерімен ерекшеленетін. Оның бойындағы қайсарлығы, өнерге құштарлығы көзге анық көрініп тұратын. Мектепте оқып жүрген кезінде спорттың көптеген түрімен шұғылданып, өз қатарларынан оза шауып, алдына жан салмайтын. Болаттың және бір қасиеті: көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, мектеп оркестрі құрамында баян, домбыра, гитара, мандолин секілді аспаптарда шебер ойнайтындығымен көпшілік құрметіне ие болатын», деп бауыры Қосай Алтынбеков бүгінде Болатты елжірей еске алады.
Болат 12-13 жас шамасында бір қап ұнды дорба құрлы көрмей иығына асыра салып, дүкеннен үйіне арқалап кете береді екен. Ауыл адамдары, қатар-құрбылары Болаттың жас кезіндегі күш-қайратына қатысты оқиғаларды әлі күнге дейін қызықтай әңгімелейді. «Қызық бір оқиғаның куәсі болдық, – дейді Болатпен аудан орталығы Шолаққорғандағы қазіргі Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-интернатта бірге оқыған құрдасы Бектөре Ержанов (қазіргі Созақ ауданының Қарақұр ауылында тұрады), – аудан орталығында жаңа типте салынған спорт залы тек біздің мектебімізде ғана болатын да, онда спорттың әр түрінен жарыстар өткізіліп, жаттығулар жасауға басқалармен қатар, ересек жігіттер де жиі келетін. Бірде мектебіміздің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі залға жаттығуға келген спортшы жігіттерге ауыр допты ұстап тұрып, осыны кімнің жоғары лақтырып, залдың төбесіне тигізе алады деп сұрады. Мықтымын деген бірнеше жігіт лақтырып көргенімен, ойлағандары болмай, төбеге жеткізе алмады. Ағайымыз осыны 7-сыныптың оқушысы Болат лақтырып, еркін жеткізеді дегенде ешқайсысы да сенбеген соң, оны шақыртады. Болат лақтырған доп төбеге тарс етіп күшпен барып тигенде көріп тұрғандардың таңданбағаны қалмады».
Болаттың бойындағы буырқанған күш пен ауыр мінезді, сабырлықты және басқа да жақсы қасиеттерін байқаған сол кездегі аудандағы қазақша күрестің алғашқы арнаулы білім алған маманы Қашқынбай Кенжеханов оны қазақ күресіне тартады. Бапкердің үміті алданбай, 7-сынып оқушысы Болат 73 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, спорттағы жеңісті жолын бастайды.
Осы орайда Болаттың ата-тегіне де аздап тоқтала кеткенді жөн көрдік. Төртінші атасы Есенбай дәулеті өз қажетіне еркін жеткен елге сыйлы кісі болады. Төрт баласы Меккеге қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеген екен. Есенбайдың 4-ші баласы Байдалы қажы (Болаттың атасы – Алтынбектің әкесі) ел арасындағы дау-шарларды шешіп, билік төрелік айтуда турашылдығымен, әділдігімен ел құрметіне ие болған кісі екен. Атасы Алтынбек шабандоз, бәйгеге жаратып ат қосатын белгілі атбегі болғанын, Мұстафа деген замандасы екеуі барған көкпарда додашылар сол күнгі салымды солардың еншісінде деп, алдын ала айтатындығын олардың көзін көргендер әлі күнге сөз етеді.
Өз әкесі Ақыл Ұлы Отан соғысына қатысып, немістердің тұтқынында болып, сол үшін соғыстан кейін Кеңес Одағы сотының шешімімен 15 жылға сотталып, Қиыр Шығыстағы Магаданда, Колымада азапты жылдарын өткізеді. 1954 жылы денсаулығына байланысты босатылып, елге келеді. Ақыл көкеміз қайсар, өтірік-өсекке жаны қас, тура сөйлейтін, балуан тұлғалы, қарулы, өнерді ерекше құрметтейтін болған. Өзінің күш-қуатының барында қолынан жүйрік ат үзілмеген екен. Ол кісі Болаттың қайтыс болғанына тура бір жыл толған күні азапты жылдарынан қалған науқасынан көз жұмды. Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаймен сұхбатында Болат әкесі жөнінде: «Мен 5-класс оқитын жылы әкем жайлауда таңертең мені мұздай бұлақ суына шомылдыратын. Шынықсын дейді екен ғой. Кейін күресімді де қолдады», дейді (Лениншіл жас» №138 21.06.81).
Болаттың балуан болуына нағашыларының да қатысы бар дейді үлкендер жағы. Әжесі Қымбаттың ағасы Әбу (белгілі ғалым, академик Ісмет Кеңесбаевтың туысы) 18 жасында Сыр бойында үлкен бір жиында болған күресте атақты түйе балуанды жығып, көптің тіл-көзінен мерт болған екен деседі. Құнарлы топырақтың ғана нәрлі жеміс беретіні сияқты, Болаттың бойындағы асыл қасиеттерді ата-бабасынан келе жатқан жалғастықтың белгісі деп қабылдауымызға негіз бар.
Болаттың қазақ спорты, каратэ жөніндегі ойлары туралы кезінде әңгімелесіп ой бөліскен Несіп Жүнісбай «Лениншіл жас» газетінде (№138 21.06.81): «Болатты алғаш көрген адам оның өткір көзіне, тым сенімді, сәл өктемдеу жүріс-тұрысына, бойшаңдығына, бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттеріне қарап, «әй дәу де болса бұзықсың-ау» деп ойлары сөзсіз. Мен де солай ойладым.... Қоштастық. Өзін кінәлі жандай сезініп, ары беттеген тұлғалы жігіттің каратэні неге таңдағанын мен біліп тұр едім. Ол – каратэнің ғаламат күш иегерлері, яғни батыл, ержүрек, оған қоса ала жіпті аттамайтын адал жандардың ғана серігі бола алатындығынан. Менің байқауымша, Болат Алтынбеков сондай азамат», десе, Болат қайтыс болғаннан кейін жазған еске алу мақаласында автор өз ой-тұжырымын: «...республикалық «Лениншіл жас» газетінің спорт бөлімінде жүріп Болатпен таныстым. Таңғалып, толғанысқа түскенімді жасырмаймын. Болат та бір бөлек туған жігіт еді. Бойы ұзын, иықты, ашаң жүзді, көзі от шаша жарқылдап тұратын. Мінезі ауыр. Ал ауыр мінез шығыс жекпе-жегімен шұғылданған жанға айбатты, тіпті күш қосып тұратын. Болат маған қандас бауырларымның арасынан шыққан батыр тұлғалы ұл болып көрініп, шүкір деп жүретінмін. Спорттағы ұл қызын шам алып іздеп жүретін Кеңес заманы емес пе, Болатқа зор үміт артып, басынан сипап, бауыр етіп жүрдім», деп жазады (Н. Жүнісбайұлы. «Көзі от шашып тұратын». «Sport.kz». 19.09.2003).
Енді Болат бауырымыздың спорттағы жолына шолу жасап көрейік.
1973 жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев жүлдесі үшін жастар арасында өткен турнирде алтыннан алқа тағады. 1977 жылы Қазақ дене шынықтыру институтының қазақ күресі бөліміне түсіп, оны 1981 жылы бітіріп шығады. Ол кездегі бапкері, марқұм Металбек Болғанбаев болады. Қазақша күрестен 5 рет республика чемпионы атанып, 1978 жылы түйе балуаны атағын жеңіп алады. «Қазақстанға ұлттық қазақ күресінен еңбегі сіңген спорт шебері» атағы беріледі. Ұлттық күрестің қыр-сырын игере білген Болат жастарды соған баулушы бапкерлігімен қатар, оның насихатшысы, дамытуға үлес қосушы ретінде штаттан тыс тілші қызметін атқара жүріп, мерзімді басылымдарға ұлттық күресті, қазақ спортын дамыту жөніндегі ойларын айтып, жазып отырды. «Қажымұқанның нағыз ізбасарларын, шоқтығы биік таланттарды бұқара арасынан іздеп таба білсек, нұр үстіне нұр... Соларды теңіз түбінен маржан іздегендей таба білсек, бұл ұлттық өнерімізді дамытуға қосқан зор үлес болар еді» дей келіп, «Қазіргі кезде қазақ күресі – халқымыздың мақтанышы. Қазақ күресінің алғашқы әліппесін ауыл жастары тез ашады. Кейде олардың таудай талабының ескерусіз қалатын кездері де жиі ұшырасады. Оған қосымша ауылдық жерде күрестің бұл түрін жетік білетін мамандар табыла бермейді», деген ойлары сол кездегі ұлттық спорттың кемшін тұстарының шындығын көрсетеді.
Қазіргі кездегі халықаралық деңгейде өтілетін спорт түрлерінің алғашқы негізі белгілі бір ұлт спортынан бастау алатынын айта келіп, қазақ күресін де бүкілодақтық, әлемдік аренаға көтеру мәселесі, оның мүмкіншіліктері жөнінде ой қозғаған болатын. «Ұлттық күрестің тек республика көлемінен аса алмай отырғаны қынжылтады. Оның бүкілодақтық сындарда спорттың бір түрі ретінде көрінбеуі қай-қайсымыздың жүрегімізде жүрген ой сияқты. Қазақ күресінің мұндай дүбірлі жарыстарда жетімсіремей, еркін сіңісіп кетуіне жағдайды өзіміз ғана жасай аламыз», «Ата-бабамыздан қалған бұл өнерді ұмытпай, өсіре, өркендете, дамыта түсейік. Сонда ғана біз күресті әлемдік аренаға көтереміз» деген пікірлері ұлттық спорт жанашырларын бейжай қалдырмасы анық.
Болат 1980 жылдан бастап күрестің дзю-до, самбо, каратэ-до сияқты түрлерімен де айналысып, жарыстарға қатыса бастайды. 1980-1981 жылдары каратэ-до бойынша өткен Республикалық және Бүкілодақтық турнирлердің абсолюттік чемпионы болды. Кезінде спорт журналисі Өмірзақ Жолымбетов Болатты алғашқы жоғары білім алған каратэ маманы, тұңғыш қазақ чемпионы екенін «Социалистік Қазақстан» газетіне шыққан «Хаджаме! Сәт сапар, каратэ!» тақырыбындағы мақаласында жазған. Осы мақалада: «Қазақ физкультура институтының ІV курс студенттері Ермек Смағұлов пен Болат Алтынбековтер жоғары білім алған алғашқы каратэ мамандары болмақшы. Екеуі бұрын самбомен айналысқан, КСРО спорт шеберлері», деп атап көрсетілген-ді.
1981-1987 жылдар аралығында жоғары білім алған алғашқы маман ретінде каратэ-до, дзю-до бойынша Алматы қаласындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да және Қазақ мемлекеттік медицина институтында, мектептерде ұстаз-бапкер болып қызмет атқарады. Осы күрес түрлерінің ерекшеліктері, игеру жолдары, мақсаты, мән-маңызы жөніндегі ой-пікірлері мерзімді басылымдарға да жарияланып тұрады. Болаттың каратэ туралы ойларынан үзінділер келтіре кетейік: «Каратэ – ...бәрінен бұрын адам бойындағы көптеген қасиетті жетілдіріп, дамытатын спорт түрі. Жекпе-жек үстінде өзіңді-өзің ұстау, қарсыласыңды құрметтеу абыройлы борышың болса керек. Жарыс ережелері бойынша пәрменді де ұтқыр тәсілдерді қолданған кезде дөрекілікке қадам баспағаны жөн», деген ойлары каратэ бойынша алғашқы турнирлердегі жіберілген спортшылардың кемшіліктерін болдырмау мақсатынан туындайды.
Өнердің қиын түрінің бірі екендігін айта отырып, оның эстетикалық мәнін былай деп көрсетеді. «Аса қиын, аса қауіпті, аса күрделі. Мұнда қажырлы-қайрат та, батырлық пен ержүректік те, көз іліспес жылдамдық та қажет... Каратэ спорттың өзге түрлеріне қарағанда сәл қаталдау екені рас. Сондықтан бұны саналы, ұстамды адамға үйрету қажет. ...Әрбір сайыстан көрермен қауым эстетикалық ләззат алуға тиіс», дейді.
1984 жылы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 40 жылдығына арналған Қазақстан чемпионатында самбо күресінен Болат 90 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанады. 1987-1991 жылдары Ішкі істер бөлімінде қызмет атқара жүріп дзю-до, қарусыз қорғану (самозащита безоружие) сияқты спорт түрлерінен бапкер болып еңбек етті. 1987 жылы ҚазКСР Ішкі істер министрлігі бойынша дзю-додан жеке командалық біріншілікте чемпион атанса, 1989 жылы ҚазКСР Ішкі істер министрлігі бойынша қарусыз қорғану күресінен болған чемпионатта 100 килоға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдеге ие болды. Ол – жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан қысқа ғана ғұмырының соңына дейін шығыс спортының дзю-до, каратэ-до у-шу сиқты түрлерінен бапкерлік қызмет атқаруымен қатар, еліміздің спортының жанашыры, насихатшысы бола білді. Білгенін, түйгенін кейінгі жас толқынға үйретуден жалықпады.
Қазақ батырын, атпал азаматтарын ардақтаған, аруақ сыйлаған халық... Артынан ерген бауырлары Қосай, Досай, Мейірбек, Ғани, Мергенбайлар өзінің туған жерінде Болатты еске алып, жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткізіп келді. Осы орайда айта кетейік, самбо, дзю-до, еркін күрес секілді спорт түрлерінен республика чемпионы, қазақ күресінен еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы, түйе балуан және каратэ-додан республиканың, КСРО-ның алғашқы абсолюттік чемпионы болған, өмірінің соңына дейін бапкерлік қызмет атқарған Болат Алтынбековтің есімі өзінің туып өскен өлкесіндегі бір спорт мектебіне беруге лайық деп ойлаймыз. Бұл іс біртума бауырымызды есте сақтау, жастарды тәрбиелеу бағытындағы маңызды шаралардың бірі болар еді.
Бір қынжыларлығы, Созақ ауданында қазақ күресінен Болатты еске алу мақсатында республикалық деңгейдегі дәстүрлі турнир және 2001 жылдан бастап Шымкент қаласында өткізіле бастаған каратэ-додан Болат Алтынбеков атындағы халықаралық турнир кейінгі жылдары тоқтап қалды. Батырдың тәні өлгенімен, рухы өз халқымен бірге жасай беретінін ескерсек, Б.Алтынбековтің есімін жаңғырта түсуге жүрдім-бардым қарамағанымыз жөн-ақ.