Тарих • 12 Сәуір, 2022

Жау тылында туған қыз

5279 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуықта ресейлік «Одно­классники» (OK.RU) атты әлеуметтік желіде мы­на бір фото жариялан­ды. Суреттің астына «Пар­тизан қазақтар! Ерлі-зайыпты Ағаділовтер және қызы Мая. 1943 жыл» деп қысқаша анықтама бе­рілген екен. Көзі қарақты оқырман Ағаділовтер жайлы тарихтан хабардар болар. Десе де, аталған фотобейнеге қатысты көмескі тартқан оқиғаларды та­ғы бір жаңғырта отырып, Екінші дүниежүзілік со­ғыста «Партизан қызы» деген атпен майдан тарихы­на еніп, көркем туынды кейіп­керіне айналған отбасы жайлы айтып өтсек артық болмас.

Жау тылында туған қыз

Соғыстан кейінгі жылдары Ағаділовтер отбасы жайлы және мұндағы фотобейнеде ата-ана­сының алдында тұрған сәби Мая жайлы жеткілікті жазылды. Басқасын былай қойғанда, бұл отбасының өмірі – Ұлы Отан соғысы жылдары партизан отрядын басқарған майдангер, кейін республика деңгейінде жо­ғары мансапты қызметтер ат­қарған қайраткер-жазушы Әди Шәріповтің «Партизан қызы» хикаяты қатарлы туындыларға арқау болды. Өйткені мұндай тағдырлы оқиға майдан даласында оқшау кездесетін дүние.

Ал мына бір тұңғыш рет басылым бетіне жарияланып отыр­ған фотоға келсек, бұл жәдігер 1943 жылдың басында таспаға басылған сияқты. Бұлай деуімізге себеп, суреттегі адамдар қыстың киімімен тұрса, Ағаділовтер отбасы жайлы бес жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылы 23 қараша күнгі санында жарық көрген Жанболат Аупбаевтың мақаласында, 1943 жылдың басында орманға «үлкен жерден» қару-жарақ жеткізуші ұшақпен бірге келген әскери фототілші партизан отбасын жолдастарымен бірге таспаға тартқаны жайлы дерек келтіріпті. «Бұл рәсімдер­ді кейін Жылбек Ағаділов 1944 жылы жараланып, Мәскеу гос­пи­талінде емделіп жатқанда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі партизандар қозғалысы» атты архив басқармасынан алдыртыпты», дейді Жанболат Әлиханұлы.

Жоғарыда сөз болып отырған фотобейнелердің бәрі дерлік Аға­діловтердің отбасылық архивін­де сақталған көрінеді. Тіпті 2010 жылы жеке жанашырлардың қолдауымен Ағаділовтер отба­сына қатысты құжаттар мен фотодеректер жинақталып «Пар­тизан Жылбек пен Жамал» атты шағын жинақта жарық көріпті. Бірақ олардың ішінде мына фото жоқ. Тегі бұл жәдігерді жария­лаған адам басқа бір жерден кездейсоқ тауып алып, көпшілік назарына ұсынған сыңайлы.

Ал фотода бейнелеген отағасы Жылбек пен зайыбы Жамал, майдан даласында өмірге келген қызы Мая жайлы Ә.Шәріповтен басқа қалам тартқан адамның бірі – атақты партизан Қасым Қай­сенов марқұм. Бұл кісі өзінің «Жау тылында» атты хикаятында: «Павлодарлық кіші лейтенант Ағаділов Жылбек өзінің зайыбы Жамалмен бірге Батыс шекарада Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылы тұтқиылдан соғыс басталып кетеді де, Жылбек басқыншыларға қарсы соғысқа аттанады. Сөйтіп, аяғы ауыр Жамал басқа офицерлердің семьяларымен бірге тұрған қаласында қалып қояды. Көп кешікпей сол ауданды жанталаса алға ұмтылған фашистік армия қоршап алады да, Жылбек қызмет істеп жүрген әскери бөлімше де, олардың семьялары да жаудың тылында қалып қояды. Жылбек тоғай ішіндегі босқындар арасынан Жамалды кездейсоқ жолықтырып, содан былай қоршауда қалған әскери бөлімше қатарында бірге болады. Жау тылында қалған бұлар Гомель орманындағы партизандар отрядына қосылады.

Қиын-қыстау партизандар жорығында жүріп Жамалдың босанатын уақыты да жетеді. Ол 1941 жылдың 27 ноябрінде Петька деген бір патриоттың үйіне жасырынып барып босанады да, Петьканың зайыбы Ася деген әйел жаңа туған нәрестеге «Мая» деп ат қояды...

Бір жорықта отрядтың үлкен өзеннен өтуіне тура келеді. Жа­мал­дың аты сүрініп жығылып, Мая Жамалдың қолынан түсіп кетеді де, баланы су ағызып ала жөнеледі. Мұны көрген партизандар тұс-тұстан тұра ұмытылып, Маяны судан аман алып шығады. Тағы бір ұрыста Жамал отрядтан адасып қалады. Жамал Маясын қолтығына қысып жүріп, қалың қарды омбылап отрядты іздеп орман ішін екі-үш күн кезеді. Маяның кішкентай аяғы домбығады. Екеуі әбден ашығады. Сөйтіп жүрген­де ойламаған жерден Лидия деген партизанға кездесіп, ол бұ­ларды Данчкенко отрядына алып келеді. Онда өзінің бұрынғы жол­дастарының бірі – барлау­шы қырғыз жігіті Идеят Үсеновке кездеседі. Үсенов Жамалды өз отрядына алып барады. Мая түн­де жылағанда оның дауысын жау тыңшылары естіп қоятын болғандықтан жас сәбиді партизандар қолдан-қолға түсірмей кезектесіп уатып, баланың дауысы естілмеуі үшін терең ор қазып Маяны сонда ұстайды.

Бұрынғы шағын отряд Галю­га басқарған үлкен бригадаға айналған тұста фашистер партизандарды ауадан торып бомбылай бастайды. Енді дабыл «ауадан, самолет» деп қағылатын болады. Сондықтан кішкентай Маяның тілі «самолет» деп шығады.

1943 жылдың октябрінде партизан бригадасы Қызыл Армияға қосылады да, Ағаділовтер семьясы туған жері Павлодарға келеді» деп жазыпты (Қайсенов Қ. Жау тылында. – Алматы: «Санат», 2005. – 235-237 бб).

Осылай жау оғының өтінде өмірге келіп, екі жасында бейбіт күннің шуақты таңымен жолық­қан Мая қыз жайлы естеліктерде: «Үйге біреулер келсе кішкен­тай Майя үстел астына тығылып, үн-түнсіз отырып алатын. Күн күркіреп, аспанда найзағай ойна­ғанда да солай істейтін. Аулада ойнап жүргенде төбесінен құс ұшып өтсе, «Самолет... бомба...» деп жанын қоярға жер таппай­тын», дейді. Әрине, бұл жас бала­ның санасына сіңген сұм со­ғыс­тың зардабы екені анық.

Жоғарыда айтқанымыздай жары мен қызын туған топы­ра­ғына әкеліп табыстаған Жылбек Ағаділов қайтадан майданға аттаныпты. 1944-1945 жылдары Мажарстан, Пруссия, Чехослова­кия жерлерін азат етуге қатысып, екінші мәрте Қызыл Жұлдыз орденіне ие болады. 1946 жы­лы әскерден босап, алдымен Пав­лодар қалалық, одан кейін облыс­тық қаржы бөлімінде аға тек­серуші қызметін атқарса, жары Жамал қалалық киім фабри­ка­сында шебер, цех жетекшісі, бри­­гадир болып жұмыс атқарып,
1980 жылы зейнетке шығыпты.

Ал жау тылында туған қыз Мая болса, 1948 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1958 жылы Алматыдағы КазПИ-ге келіп, математика факультетіне оқуға түседі. Осы жылдары бұрынғы партизан Әди Шәріпов Қазақстаның Оқу министрі болғандықтан өз шығармасының кейіпкері Маяны жеке қамқорлығына алып, оқу-тоқуы мен тіршілік тынысын қада­ғалап отырыпты.

Журналист Ж.Аупбаев Аға­ділевтердің көзі тірі туысы Дәмет Бабылбекқызының аузынан жазып алған деректе: «Майдан даласынан оралған соң Жылбек аға мен Жамал апаның көпке дейін сәбилері болмады. Кейін Рая атты қыз бала дүниеге келді. Ол тәтеміз Семей медициналық институтын бітіріп, ұзақ уақыт Павлодардағы №1 ауруханада еңбек етті. Үбірлі-шүбірлі. Ал Мая әпкемізден Арман, Марат деген екі ұл бар. Жылбек аға 1970, Жамал апай 1991, ал Мая әпкем 1993 жылы өмірден озды» де­лініпті.