Қазақстан • 13 Сәуір, 2022

«Бабалар аманаты» айтысы ұйымдастырылады

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Amanat партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиынға депутаттар, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бабалар аманаты» айтысы ұйымдастырылады

Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем жә­не кітап шығару» тақырыптары талқы­ланды.

Кеңес отырысын ашқан партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құ­рылысында үлкен өзгерістер болғанын, Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның партиядан бас­талғанын атап өтті. Сондай-ақ А.Оралов халықпен кері байланыс­ты жетілдіру мақсатында құрылымы қай­та жасақталған партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, партия биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алған. Соның бірі – айтыс.

«Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақын­дар айтысынан бөлек биыл «Баба­лар аманаты» айтысын да ұйымдас­тыруды ұсынып отырмыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зер­герлерін қолдайды. Бұдан бөлек биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының – 150, Мұхтар Әуезовтің – 125 және Ғабит Мүсіреповтің 120 жыл­дығын атап өтеді. Осы мерейтойларды ұйымдастыруға партия жан-жақты қолдау көрсетеді», деді А.Оралов.

Жиында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Жолдауда айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған мін­деттерге сәйкес министрліктің қолға алған ауқымды жұмыстарына тоқ­талды.

«Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен Жар­лық жобасы әзірленуде. Оған қоса биыл министрлік «Үздік балалар шығар­масы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қа­ламгер» атты жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», деді министр.

Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа құ­рамдағы Miras-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалып­тастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.

«Ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стра­тегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалар­мен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек», деп, «Бәсекеге қабілетті БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек?» деген сұрақ төңірегінде ойларын ортаға салды.

Бұл ретте «Қазақ медиа қауым­дас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары жиі ұшырасатын түйінді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнама тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, сәйкесінше білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады. «Мемлекет және әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса, мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы гранттық жобалар жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді», деді Е.Азанбек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсібилігін нығайту, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге кеңінен тоқталды. «Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсыныстарды жинап, сарапшылармен бірлесе отырып заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда», деді министр.

Ал «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли: «Жолдауда айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің басты арнасы идеологиялық тұрғыда жұмыс істейді. Президенттің бастамаларын арна алдағы уақытта да халыққа кеңінен насихаттауға дайын», деді.

Сондай-ақ кеңесте Mecenat.kz жобасын әзірлеушілер қазақ қаламгерлерінің шығармаларына бәйге жариялайтынын жеткізді. Олар жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті. Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алынған жобаға Freedom Holding Gorp инвестициялық тобының негізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін айтты.