Қазақстан • 13 Сәуір, 2022

Жас сарбаздар тұңғыш ғарышкер әлеміне үңілді

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орта­лы­ғында қазақ ұлының ғарышты бағындырғанына 31 жыл толуы­на орай тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен «Кітапқа жазыл­маған тарих: Ғарышқа жол» атты ерлік сабағы өтті.

Жас сарбаздар тұңғыш ғарышкер әлеміне үңілді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығының қолдауымен, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриот­тық қозғалысының елордалық филиа­лы­ның ұйымдастыруымен өткен іс-ша­раға Қорғаныс министрлігінің өкіл­дері, генералдар, аудан әкімдері және жас сарбаздар қатысты.

Кездесу барысында Тоқтар Әубә­кіров ғарыш әлеміне қатысты дерек­термен бөлісіп, ғарыш әлемін бағын­дырған сәтіндегі естен кетпес естеліктерін айтып берді. Сондай-ақ ол ғибратқа толы ғұмырында атқарған елеулі жұмыстары туралы тебірене әңгімеледі. Халық қаһарманының қызықты әңгімелері іс-шараға қатысқан жастарды үлкен әсерге бөледі. Кейіннен Тоқтар Әубәкіров жас сарбаздарға қолтаңба беріп, арна­йы естелік сыйлықтарын табыстады.

Кездесу барысында Тоқтар Әубә­кіровке «Жас сарбаз» қозғалысының тәр­биеленушілері көкейлерінде жүр­ген сауалдарын қойды. Халық қаһар­маны жасөспірімдермен емен-жарқын әңгімелесіп, ғарыш әлеміне қатысты ойларын ортаға салды.

«Біз бұл іс-шараны жасөпі­рім­дер қазақтың дарабоз тұлға­сы­ның тағылымға толы өмір жолы­мен таныссын деген мақсатта ұйым­дас­тырдық. Жастар жағы ел мақтаған тұл­ға­лардың ерлікке толы еңбегін жады­нан шығармауы керек. Халық қаһар­маны Тоқтар Әубәкіров ағамыздың кі­тапқа жазылмаған жеке тарихын өз сөзімен шынайы жеткізгені жинал­ғандар үшін үлкен олжа болды», деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек кездесуде сөйлеген сөзінде.

Кездесу соңында қонақтар Қарулы Күштердің Ұлттық әскери музейінде ұйымдастырылған «Ғарышқа жол» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.