Пікір • 13 Сәуір, 2022

Жұрт тілегі жоғарыға жетті

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын ауылдағы жұртшылық асыға күтті. Өйткені кешегі жүректі мұздатқан қаңтар қасіретінің суық ызғары әлі де ұмытыла қоймаған кезеңде ел билігінен оңды өзгерістер күтуіміз заңдылық.

Жұрт тілегі жоғарыға жетті

Көпшілік күткендей Жол­дауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы ортаға салынды. Әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шара­лар көпшілік көкейіне ұялады. Біздің, қаламгерлердің, ақпарат саласы қызметкерлерінің көңі­лін алаңдатып отырған бір мәселе – бұқаралық ақпарат құрал­­дары рөлінің төмендеуі болатын. Бұл бағытта да алдымызда оң өзгерістер күтіп тұр. Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қа­зір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», деді Президент. Мемлекет бас­шы­сының сөзінше, отандық БАҚ қоғамның сұранысына сай жұмыс істегені жөн. «Үкіметтік емес сектор маңызды әлеумет­тік мәселелерді көтеруде және олардың кешенді шешілуіне ықпал етуде. Реформаларды да­йындау мен іске асыруға қоғам­дық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кеңінен және терең тарту қажет», дейді ол.

Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Бұған де­йін біз, жетісулық ардагерлер са­пында Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаев есімін беру туралы ұсыныс жолдаған болатынбыз. Көпшіліктің ұсынысы қолдау табатынын Президент Жолдауында атап көрсетті. Сондай-ақ Жетісу және Алматы облыстарын, Ұлытау облысын, Семей аймағында Абай облысын құру көпшіліктің жылдар бойы жүзеге аспай келе жатқан арманы болатын. Сондықтан біз Жаңа Қазақстан құру идеясы аясында Мемлекет басшысының жұртшылық тілегіне құлақ ас­қанын көріп қуандық.

Ал сайлау нәтижесі қай кезде де жұртшылықты алаңдатып келгені белгілі. Жолдауда атап көр­сетілген осы тұрғыдағы пікір Президент ұстанымына сені­мімізді нығайта түседі. «Халық­аралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өз­геріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің ма­ңызы зор», деген Мемлекет басшысы соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті. «Көптеген ел дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжі­рибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен Жолдау көпшілік назарына ұсынылды. Көптен күткен өзгерістер көңілімізді орнықтырды. Біз ұлыстың Ұлы күні қарсаңында осы Жолдаудан жыл келгендей жаңалық сезіндік.

 

Жомарт ИГІМАН,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Сарқан аудандық мәслихатының депутаты

 

Алматы облысы