«Қалқаман» шағын ауданындағы №7 аурухананың қабылдау бөлімшесіне 1922 жылы туған науқас жедел жәрдеммен келген. Орын әжей үйінде құлап, жарақат алып, жақ жамбас буыны ауырғаннан кейін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер дереу диагностикалық зерттеулерді жүргізіп, сол жақтағы сан сүйегінің мойын бөлігі іштен сынып, орнынан жылжығанын анықтайды. Осыдан кейін пациенттің аяқ-қолдарды бүгуге, босатуға келмей, сынған жақ бөлігі қатты ауыртып тұрғандықтан, шұғыл хирургиялық ота жасауға шешім қабылданады. Әдетте, егде жастағы адамдардың феморальды мойын сүйегі сынған кезде консервативті ем көмектеспейді.
Дәрігерлер науқастың жасы ұлғайғанын, басқа да ауруларының бар екендігін ескере отырып, кардиолог, интернист, анестезиологтермен бірге кеңеседі. Операциялық бригададағы травматологтер Р.Әскеров, Б.Өтешев, анестезиолог-реаниматолог М.Датбаев пен медбике Ж.Төленова осы отаны сәтті өткеруге бір кісідей атсалысып, сол жақ жамбас буынына Strayker протезімен тотальды цементсіз артропластикасы жасалынды. Медицина мамандары операция жоғары деңгейде өткенін, осылайша №7 аурухананың дәрігерлері ғасыр жасаған пациентті аяғына тұрғызғанын айтады.
Травматолог-дәрігер Бауыржан Өтешев сәтті атқарылған ота науқасты бірден ширатып, екінші күні Орын әжей жансақтау бөлімінен политравма бөлімшесіне ауыстырылғанын жеткізді.
Ең қызығы, дәрігерлер 100 жастағы науқастың сүйек тіндері жасына сәйкес келмейтінін, минералды тығыздығы жоғары, бұл 50 әрі кетсе 60 жастағы адамдарға тән екендігін айтады.
Орын әжейдің қызы осының барлығы алдымен таңертеңгі гимнастика мен гигиеналық тазалықпен басталатын анасының күнделікті өмір салтының арқасында екендігін жеткізді. Бір жағынан дұрыс тамақтана білу де оң әсер етеді. Ол кісі тек қолдан үйде пісірілген азық-түлікті аз-аздан, белгілі бір уақытта ғана жейді. Қуырылған тағамдарға жоламайды, айран-сүтті көбірек ішеді. Айтқандай, ол 10 баланы дүниеге әкеліп, біраз немере, шөберенің қызығын көріп, 6 шөпшек сүйген бақытты әже.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы бірқалыпты, өзін жақсы сезінеді. «Төсекке таңылып қалмағаным үшін бірінші Аллаға шүкір! Одан кейін дәрігерлерге мың алғыс! Анестезияны жеңіл көтердім. Шамасы, заманауи препараттар жақсы әрі дәрігерлердің маған деген қамқорлығы өте үлкен болды. Оларға өте ризамын. Қазір жағдайым жақсы», дейді ғасыр жасаған Орын Байжомартова.
АЛМАТЫ