Медицина • 13 Сәуір, 2022

Денің сау болсын десең...

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай облыс орта­лы­ғындағы Тәуел­сіз­дік алаңына жүздеген бел­сен­ді жастар шығып, жат­тығу жасады. Өмірде кез­де­сетін тосын жайларға тап болғанда тығырықтан шығуға қажетті алғашқы медициналық көмек қалай жасалу керектігін үйренді.

Денің сау болсын десең...

Таңсәріден көпшілік көңі­лін өзіне аударған, бұрын көз үйренбеген мазмұнды іс-шара­ға облыстық спорттық каратэ федерациясының прези­ден­ті Руслан Дүкенбаев жетек­шілік жасады. Ширақ қимыл­д­ы, жүздерінен спортқа деген ынталары айқын бай­қа­ла­тын ­жастардың жігерлі қи­мы­лы қарап тұрған кісінің көңі­ліне денсаулықты қалай сақ­тауға, түзеуге, нығайтуға бо­ла­тын­ды­ғы туралы көп ой салады екен.

– Күнде таңертең жұмысқа қа­лалық парк арқылы өтіп бара жатып, егде адамдардың ша­ма-шарқынша жаттығу жасап жатқанын көріп, көңілім сүйсінеді, – дейді облыстық жас­тар ресурстық орталығы жа­­нын­да­ғы ерікті­лер­ді қолдау ор­та­лы­ғының же­тек­шісі Дастан Ермеков, – әлем­нің көптеген жерінде мұн­дай көріністі жиі көруге болады. Бұл өмірге деген оң көзқарас, мықты денсаулыққа деген ұмтылыс әрі адамның сарқылмайтын ерік-жігерінің көрінісі. Негізі саламатты өмір салтына көбірек мән беруіміз керек. Сондықтан, бүгінгі шараны ұйымдастыру барысында өзіміздің іс-әрекетіміз арқылы қала тұрғындарының назарын аударғымыз келді. Біздің бұл бастамамызды естіп-білгеннен кейін өңірдің көптеген адамдары қолдайды деп үміттенеміз.

Шынында да бұл адамның өзіне қажетті қарекет. Жас­тар­дың жалынды бастамасы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әсер етіп, ой салуы әбден мүмкін. Әрі бір қадап айта кететіні, бұқаралық спортпен айналысу бір күндік іс емес, ұдайы әрі тұрақты өрістетілгені жөн. Руслан Дүкенбаев бүгінгідей акцияның әсері боларына нық сенімді. Ұлттың денсаулығы сайып келгенде әр азаматтың ағзасының саулығына байланыс­ты. Ал ол жіті көңіл аудар­ған­да ғана мүмкін болатын дүние.

Баршасы бір адамдай жат­ты­ғу жасағаннан кейін көк­темнің шуақты күнінде акция­ға қа­ты­су­шылар алғашқы меди­ци­налық көмек көрсету әдіс­те­рі­мен танысып, оны өздері де меңгеруге машықтанды.

– Егер оқып, үйреніп, халық­ара­лық сертификат алғы­ла­ры­ңыз келсе, біздің кеңсеге ке­ліңіз­дер, – деді халықаралық дә­ре­­жедегі нұсқаушы Руслан Каби­дулинов, – білгеннің арты­ғы болмайды.

Жастар жағы тренинг­ке бел­сене қатысты. Олар­дың әр­қай­­сысы өздерін құтқару­шы­­лардың орнына қойып, қа­тер­лі шақта қалай іс-қимыл жасау керек екенін көңілдеріне тоқып алды. Мазмұны мол іс-шара орталық парктегі спорт алаңында жалғасты. Бел­сенді жастардың әрқилы маз­мұ­ны мол ойды меңзейтін іс-ша­ра­сына Қазақстан студент­те­рі альянсының белсенділері мұрындық болды. Олар барлық шараны мүлтіксіз атқарып бол­ған­нан кейін жақсы жоралғы болған істерінің соңын қоры­тын­дылап, естелік суретке түсті.

 

КӨКШЕТАУ