Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Әрқашан абырой биігінен көріне бер

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше барша Қазақстан халқын үлкен қуанышқа бөлеген бокс жекпе-жегі өткені белгілі. Онда Отанымыздың даңқын алысқа асырып жүрген кәсіпқой бокстың хас шебері Геннадий Головкин әуесқой және кәсіпқой бокстағы бүкіл Жапонияның мақтанышы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, кәсіпқойлар арасында WBA нұсқасы бойынша тұрақты чемпион Риота Муратаны 12 раундқа есептелген жекпе-жектің 9-шы раундында техникалық нокаутпен жеңіп, төрт жыл бұрын айырылып қалған сол WBA белбеуін қайтарып алды.

Әрқашан абырой биігінен көріне бер

Бұл жекпе-жектің Жапонияда өтуінің тиімді жағы сол, уақыты жағынан қазақстандықтар үшін өте қолайлылығымен ерекшеленді. Осының нәтижесінде шаршы алаңның шаңын шығарған жекпе-жекті еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тамашалауға мүмкіндік алды. Тіпті өздерін спортқа жақын санамайтын жұртшылық та сол күні теледидарға телмірді. Жекпе-жек аяқталған соң жерлесіміз өзін жеңісімен құттықтап, қолдау білдірген баршаға риза екенін айтты. «Әсіресе, қазақстандық жанкүйерлерге ризашылығымды білдіремін.Мен әрқашан сіздердің қолдауларыңызды сезініп жүремін. Рахмет, сіздерге! Алға Қазақстан!», деді қарағандылық чемпион.

Көптеген жанкүйерге Г.Головкиннің өзін кеңқолтық қазақы қалыпта көрсеткені де қатты ұнады. Қарсыласына өзінің ажырамас символикасына айналған оюлы шапанын жапқаны өз алдына, жеңіп алған белбеуін қайтарып бергенін халқымызға тән мәрттіктің жарқын көрінісіне баладық.

Егемен еліміздің Көк туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатып жүрген Гена бауырымызға әрқашан абырой биігінен көріне бер деген тілек қосқым келеді.

 

Қымбат БЕКМАҒАМБЕТОВА,

зейнеткер

Ақмола облысы,

Степняк қаласы