Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Ізетті басшыға айтар алғысым шексіз

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күнделікті өмірде адамның күйбең тіршілігі әсте таусылған ба? Үстіміздегі жылғы наурыз айының ортасында әлдебір шаруаның ыңғайымен «Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жолымыз түскен еді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызға келген шаруамызды айтып, басшының қабылдауына сұрандық. Обалы не керек, көп күттірмеді.

Ізетті басшыға айтар алғысым шексіз

«Түсі игіден түңілме» дегендей, Гүлнар Сәдібекқызы иманжүзді жан екен, ізет көрсетіп, орындық нұсқады. Жұмысымды айтқан соң, іле телефон тұтқасын көтеріп, қарамағындағы архивариус қызға тапсырма берді. Осылайша, мың болғыр Гүлнардың қолымызға куәландырылған архив құжаттарының көшірмелерін сәтімен ұстата қойғаны. Шаруаны әп-сәтте бітіріп берген басшының іскерлігі мен ізеттілігіне риза болып, алғысымызды айтып, жөнімізге кеттік.

Үлкен қызметтің тізгінін ұстап отырған басшының қарапайым, кішіпейіл болғанына не жетсін. Гүлнар Сәдібекқызы Шардарбекова осындай жан екен. Мамандығы тарихшы, тындырымды да ибалы қарындасымыздың ұстаздығына орай, Шымкенттегі оқу орындарының бірінде студенттерге бір мезгіл дәріс оқитынын да естіп, білдік.

Қарттарды сыйлай білетін ізетті жанға деген алғысымыз шексіз. Көсегесі көгеріп, жамандық көрмесін.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы