Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен орта және жоғары білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып келеді. Оның ішінде шалғай өңірлердегі кәсіптік білім беру мекемелерін де айтуға болады.
Өткен аптаның соңы шемонайхалық шәкірттер үшін шат-шадыман қуанышпен аяқталды. Аудандағы гуманитарлық-техникалық колледж студенттері енді барлық талапқа сай келетін жаңа ғимаратта оқуға мүмкіндік алды.
– Мемлекет басшысы еліміздің көркеюіне, өркендеуіне үлес қосуы үшін жастардың ең алдымен сапалы білімге ие болуы қажеттігін жіті назарда ұстап, оған барлық жағдайды жасап отыр. Оның айқын дәлелі – бүгінгі жаңа да жарық оқу ғимаратының шәкірттердің игілігіне берілуі, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Ғимараттың ашылу салтанатында аймақ басшысы заманауи білім алуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын, «Болашақ» бағдарламасы арқылы көптеген жастар шетелдің озық оқу орындарында білім алып жатқанын, колледж студенттерінің де сапалы білімге ұмтылуы қажеттігін атап өтті.
Шемонайха ауданының орталығында орналасқан колледждің өңір жастарын білім нәрімен сусындатып келе жатқанына он жылдан аса уақыт болды. 2002 жылы құрылған колледж қабырғасында шәкірттер он алты мамандық бойынша оқытылады. Олардың басым бөлігі жоғары сұранысқа ие болып саналатын техникалық қызмет көрсету саласын игеріп шығады.
Жаңа оқу ғимараты мың адамға есептелген. Осыған дейін іске алғысыз болып тұрған ескі үйді заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізуге бюджет тарапынан 180 миллион теңге бөлінген екен. Онда геология, тау-кен ісі, автокөлік жөндеу, техникалық қызмет көрсету, құрал-жабдықтар, техникалық тәртіп, мультимедиялық кабинеттер мен электрші, дәнекерлеуші, автокөлік жөндеу, темір жону, құрылыс шеберханалары, сондай-ақ, мұражай, кітапхана, мәжіліс залы, асхана, дизайн студиясы және спорт залы орналасқан. Ғимараттың бесінші қабатында 40 студентке арналған сыңғырлаған заманауи жатақхана мен жас маман-оқытушыларға арналған төрт пәтер бар.
Қазіргі кезде колледжде 800-ге жуық студент білім алады, жетпіске жуық адам жұмыспен қамтылған.
Колледж директоры Светлана Буднецкаяның айтуынша, түлектер оқу орнының әлеуметтік серіктесі болып табылатын түрлі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Мәселен, тау-кен саласы бойынша колледжді бітірушілердің 50 пайызы «Қазақмыс» корпорациясына, 20 пайызы Николаевский байыту фабрикасына және басқа да геологиялық кен өндіру мекемелеріне жұмысқа орналасқан.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонайха ауданы.