«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура еліміздегі сауда орындары мен базарлардың қызметін тексеруді тапсырды. Осы орайда барлық өңірде арнайы топтар құрылды. Олардың құрамына жергілікті әкімдік, салық, сауда департаменті, бәсекелестікті қорғау және даму департаменті мен басқа да құзырлы орган өкілдері кірді. Осылайша «Алтын орда» базарының қызметін 70 адамнан тұратын топ тексерді. Тексеру барысында 1 миллиард 600 миллион теңге көлеміндегі кемшілік табылды», деді А. Әбілдабеков.
Оның айтуынша, тексеру нәтижелері әлі толық шықпаған.
«Мәселен базардағы кейбір нысандар заңсыз салынған. Базарды тексерудің толық қорытындысы әлі шықпаған. Өйткені атқарылған жұмыс өте ауқымды. Менің айтып отырғаным - бізге жеткен алғашқы деректер», деді ол.
Айта кетсек, «Алтын орда» - еліміз бойынша ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі базарлардың бірі. Оның аумағы - 28-29 гектарды құрайды.