Экономика • 13 Сәуір, 2022

Теңге қалай нығайды?

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпанның соңы, наурыздың басы қаржы секторы үшін қатерлі басталды. Тегеурінді интервенцияларға қарамастан теңге өз салмағын жоғалтып алды. «Сыныққа сылтау таппай» тұрған инфляция да аспанға ұшты. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ушығуы, әсіресе, шикізаттық тауарлар бағасының қымбаттауына, нарықта тәуекелдердің артуына әкеліп соқтырған.

Теңге қалай нығайды?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қаржы нарығында бұл құбылмалылық әлі сақталып отыр. Соған қарамастан соңғы бір апта көлемінде төл валютамыз біршама күшейді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молда­беко­­ваның айтуынша, қада­ғалаушы тарапынан қаржылық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақ­тан­дыру үшін бірқатар шара қабыл­данды. Наурызда Ұлт­тық банк 990,5 млн долларға валю­талық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюд­жетке 891 млн доллар мөлше­рінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау болған.

Сонымен бірге Президенттің ел аумағынан сыртқа 10 мың доллардан артық қаражат шығар­мау туралы Жар­лығы да валюта тұрақтылығына сеп­тес­кендей. Осындай шаралар нәтижесінде теңге бір айда 5,7 пайызға нығайып, наурыздың соңына таман 467 теңге болды. Әрине, бұған геосая­си шиеленістің белгілі бір дең­гейде баяулауы да әсер ет­ке­ні сөзсіз. 11 сәуірдегі жағ­дай бойынша 1 доллар 449,63 тең­ге­ден саудаланды. Теңгені осы межеге дейін күшейту үшін елеулі түрде доллар сатыл­ды, яғни валюталық интервен­ция жасалды. Ал ол өз кезегінде алтын-валюта қорына әсерін тигізді. Бір ай ішінде алтын-валю­та активтері 310 млн дол­ларға төмендеген. Қордың құра­мын­да алтын үлесі басым. Ә.Мол­дабекованың айтуын­ша, геосаяси аренадағы шие­леніс­тің сақталуына байланысты бағалы металдар бағасы жоғары деңгейде қалып отыр.

«Алтын-валюта резервтері­нің теңгерімді құрылымын қол­дау және олардың өтімді­лігін арттыру мақсатында бағалы металға сұраныс жоғары бол­ған жағдайда, Ұлттық банк ал­тынды тұрақты валютаға сата­ды. Біз халықаралық резерв­терді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқартуды жалғас­тырамыз», дейді Молдабекова.

Наурызда Ұлттық қордағы валюталық активтердің өз­геруіне сыртқы факторлар қа­лай әсер етті? Бұған ҰБ өкі­лі былай жауап береді: «Ал­дын-ала деректер бойынша, наурыздың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда 1,2 млрд долларға төмендеп, 52,7 млрд долларды құрады. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді 470 млрд теңгеге бөлу мақсатында алдыңғы айда валюта нары­ғын­да 891 млн долларға немесе 448 млрд теңгеге активтер са­тылды. Трансферттердің бір бөлігі шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін тең­ге­дегі түсімдер есебінен қанағат­тан­дырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте наурызда шетел валю­тасындағы түсімдер 207 млн долларды құрады. Әлем­дегі геосаяси ахуалдың нашар­лауы, АҚШ ФРЖ және дамыған ел­дердің басқа да орталық банк­терінің ақша-кредит сая­сатының күшеюі, сондай-ақ көптеген еркін конвертацияланатын валюталарға қатысты доллардың нығаюы аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорды басқарудан оң инвестициялық кіріс алу ықтималдығы шамалы болып бағаланады. Өткен айдың қоры­тындысы бойынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, (-)521 млн дол­ларды құрады. Бұл ретте Ұлттық қорды басқару страте­гиясының ұзақ мерзімді екенін ұмытпаған жөн, ал соңғы 3 жылда инвестициялық кіріс 10,75 млрд доллар болды».

Жақын арадағы қаржы нарығының сценарийі мен перс­пективасын кесіп-пішіп айту қиын. Тәуекелдер әлі толас­тамай тұр. Ресей мен Ук­раина арасындағы соғыстың қашан, қалай аяқталары бол­жаусыз. Осының өзі-ақ әлем­дік экономиканы баяулатып, инфляцияны одан әрі жедел­детіп жатыр. Қазақстан да – жаһан­дық экономиканың бір бөлшегі. Сондықтан әлемдік қымбатшылық пен логистика тізбегінің бұзылуы біздің нарыққа оңды-солды кедергілер қойып жатыр. Бұл өз кезегінде біздің елдің алтын-валюта қоры мен валюта серпініне теріс әсерін тигізері сөзсіз.

«Халықаралық рейтингтік агенттіктер 2022 жылы әлемдік экономика өсімінің болжамдарын төмендетті (S&P 4,2 па­йыздан 3,6 пайызға дейін, Fitch 4,2 пайыздан 3,5 пайызға дейін). Халықаралық валюта қоры да өз болжамдарын қайта қарау жоспары барын хабарлады. АҚШ-тағы жоғары инфляция мен балансты қысқарту және мөлшерлемелерді тез арада арттыру түріндегі монетарлық саясатты күрт күшейту қажеттілігі аясында рецессия тәуекелдері өсті. РФ мұнай (11 пайыз), газ (17 пайыз) және бағалы металдар (11 пайыз) бойынша ірі өндіруші екенін ескере отырып, шикізат тауарлары нарығында санкциялық тәуекелдер мен шектеулер бағаның тұрақты өсуіне себепші боларын байқаймыз», дейді Әлия Молдабекова.