Қоғам • 14 Сәуір, 2022

Жол қателікті кешірмейді

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстановтың қатысуымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты брифинг өтті.

Жол қателікті кешірмейді

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қай кезде де назары­мыз­дан тыс қалған емес. Бұл мәселе тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халық үшін де ма­ңызды екені даусыз. Жол ережелерін қатаң қадағалау, қауіптің алдын алу жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, соңғы бес жылда жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан екі мыңнан астам адамның мерт болатыны анықталған. Сондай-ақ әр жыл сайын жиырма мың азамат түрлі дәрежедегі дене жарақатын алады. Осы бір жантүршігерлік статистиканы болдырмау үшін қоғам боп бірлесе жұмыс атқарғанымыз абзал», деді комитет төрағасы.

А.Арыстановтың мәлімдеуінше, жыл басталғалы бері елімізде 2 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. «Өкінішке қарай, жол апаттарының салдарынан 410 адам бақилық болды, 3 500 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алды. Бірінші тоқсанның өзінде осындай жағдайлардың тіркелуі баршамызды ойландыруға тиіс», деді ІІМ өкілі соңғы деректер арқылы мәселенің мәнісіне үңіліп.

Баспасөз мәслихатында кел­ті­рілген дерекке зер салсақ, бүгінде елімізде 4 млн-нан астам көлік тіркелген екен. Көлік саны артқан сайын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейе түскен. «Сондықтан көлік жүргізушілері жол ережелерін сақтауға баса назар аударғаны дұрыс», дейді спикер.

«Жаяу жүргінші жолағындағы ереже бұзуға қатысты 88 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның сал­дарынан 22 адам көз жұмып, 69 азамат жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының 72 пайызы елді мекендерде тіркелген», дейді А.Арыстанов.

Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалардың да саны аз емес. Комитет төрағасы келтірген деректерге қарағанда, жол-көлік оқиғалары салдарынан бүгінге дейін 30 бала қаза болып, 592-сі түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

«Жыл сайын 1500 адам өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылады, осы жылдың өзінде 290 адам жүргізуші куәлігімен қош айтыс­ты. 15 күн әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру секілді қатаң жазалардың қолданылғанына қарамастан, мұндай бұзушылықтардың 7,5 пайызға өс­кені байқалады. Сонымен қатар көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 5,7 мыңға жуық жүргізуші ұсталды», деді ІІМ өкілі жағдайды түсіндіріп.