![Моноқалада ауқымды жұмыс атқарылды](/media/2022/04/14/b88eb1f537972900114be316dde1c540.jpg)
Облыс орталығының іргесіндегі Кентау қаласының тұрғындары көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ берілді. Қазіргі таңда «көгілдір отынмен» қаланың 18 200 абоненті қамтылды. Қалған тұрғындар кезең-кезеңімен күз айларына дейін қосыла бастайды. Енді алдағы 2 жылда қалаға қарасты қалған 4 ауылға табиғи газ тартылады деп күтілуде. Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов қаланы газдандыру бойынша тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылардың еңбегін бағалап, құрмет көрсетті.
«Уақытпен санаспай, қалаға газ кіргізу жұмысын күндіз-түні тоқтаусыз жүргізген еңбектеріңіз орасан. Тындырымды тірліктеріңіз арқылы газ қалаға біз жоспарлаған уақыттан ерте қосылды. Мұның барлығы да еңбектің арқасы», деді қала әкімі.
Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентаудағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесуде моноқаланың бәсекеге қабілеттілігі артатынын, оған толық мүмкіндік барын атап өтті. Сондай-ақ бұл күні Кентау қаласындағы Turkistan арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Түркістан темірбетон» зауыты өз жұмысын бастады. Өндіріс орны тұрғын үйге арналған 10-ға жуық түрлі темірбетон өнімдерін шығарады. Айта кетейік, инвестицияның жалпы көлемі – 1,2 млрд теңге, осы сәтке дейін 700 млн теңге орындалған. Жаңа 60 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Зауытта жабындылар, ригель, үйлердің ірге тасын қалауға арналған блоктар, бағаналар, жол бойына қойылатын бордюрлер шығарылмақ. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына шамамен 80 мың шаршы метр темірбетон. Шикізаттың басым бөлігі Кентау қаласынан алынады. Шығарылған өнімдермен Түркістан облысын қамту жоспарлануда.
Жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өндірісті дамыту бағытында жұмыс күшейетінін айтты. «Былтыр экономиканың даму қарқыны +4%-ды құрады, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға артып, 707,8 млрд теңгені құрады. 186,6 млрд теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. Бұл шаһар мен үшін өте ыстық. Мәселелерін де жақсы білемін. Сондықтан оны дамыту – азаматтық парызым. Өткен жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер жаңғыртудан өтті. «Қызыләскер» автоматтандырылған газ стасасын іске қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезеңімен шешетін боламыз», деді Ө.Шөкеев.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу, жастарды «Серпін» бағдарламасына енгізуге ықпал ету және өзге де мәселелерді көтерді. Облыс әкімі тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдап, заң аясында кеңес берді. Бірқатар түйткілді шешу бойынша жауапты басқарма басшылары мен қала әкіміне нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысы