2012 жылы елімізде «Энергия үнемдеу туралы» салалық заң қабылданды. Ал 2013 жылдан бастап мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары ресми түрде күшіне енді. Оның операторы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты. Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген энергия ресурстарының ірі тұтынушылары жыл сайын ұсынатын деректердің негізінде институт энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жүргізілген іс-шараларға бағалау, талдау жүргізеді.
Энергия үнемдеу туралы заңға сәйкес мемлекеттік тізілімге енгізілген кәсіпорындар энергия ресурстарын тұтыну көлемінің жыл сайын төмендеуін қамтамасыз етуге міндетті. Тізілім субъектілерінің энергия тұтынуын талдау кезінде жылына 100 мың тоннадан астам шартты отын тұтынатын 72 кәсіпорын анықталды. Бұл негізінен тау-кен металлургия кешені мен өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары. Олардың саны мемтізілімге енгізілген ұйымдардың жалпы санының небәрі 0,8 пайызын құрайды. Бұл субъектілердің тұтыну үлесіне мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуының 84 пайызы және 2020 жылы елдегі энергияны жалпы тұтынудың 30 пайызы кіреді.
Мемлекеттік тізілім субъектілері тұтынатын негізгі энергия ресурстары тас көмір (тізілім субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуының 51 пайызы) және табиғи газ (21 пайыз) болып саналады.
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өткізген энергия аудиті Қазақстанда энергия үнемдеу әлеуеті 2,3 млн тонна шартты отынды құрайтынын көрсетті. Осы әлеуетті іске асыру кезінде елдің ішкі жалпы өнімдегі энергия сыйымдылығын жыл сайын 4 пайызға төмендетуге болады. Мысалы, «Қазцинк» ЖШС энергияны тиімді үнемдеу іс-шараларын енгізе отырып, тазартылған бір тонна қорғасын өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 25 пайызға төмендетті, ал жылдық үнем 716 млн теңгені құрады. «КарЦемент» АҚ бір тонна цемент өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 10 пайызға азайтты. Бұл ретте жылдық үнем 207 млн теңгеге тең.
2014 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанның ірі кәсіпорындары энергия үнемдеу технологиялары мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға 150 млрд теңгеге жуық инвестиция салды. Нәтижесінде 2019 жылға қарай Қазақстан ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33 пайызға төмендеді. 2020 жылы мемлекеттік тізілім субъектілерінің жалпы тұтынуы тағы 5 пайызға азайды. Атап айтқанда, өткен жылы энергия тұтыну жылына 58,2 млн тонна шартты отынды құрады. Оның ішінде энергетиканың үлесі 48 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 24 пайызға, тау-кен металлургия кешені 16 пайызға тең.
Елімізде энергия тұтыну төмендегенімен, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығының көрсеткіші әлі де жоғары.
2017 жылы Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты мемлекеттік тізілім субъектілерінен ақпарат жинау тетігін автоматтандырғанын атап өткен жөн. Енді кәсіпорындар ЭЦҚ көмегімен ақпаратты порталға өздері жүктейді. Бұған дейін институт қызметкерлері мәліметтерді қолмен толтыратын. Осылайша деректерді өзектендіру жұмысы жеңілдеді.
2021 жылы автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат ұсынған тізілім субъектілерінің саны тізілімге енгізілген кәсіпорындардың жалпы санының 91 пайызына дейін өсті. Қазіргі уақытта мемлекеттік энергетикалық тізілімде 21 516 кәсіпорын бар.