![Қиындықты жеңу тәжірибесі маңызды мәнге ие](/media/2022/04/15/plakat-14-04-2022-zholdau-zhanha-qazaqstan-20.jpg)
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
2020 жылы Беларусь елінде мәселе туындаса, Қазақстан 2022 жылдың басында «Қасіретті қаңтар» оқиғасын бастан өткерді. Сонымен қатар екі елде де экономикалық және саяси сипаттағы бірқатар объективті ішкі себеп толқулардың негізіне айналды. Сол себеп-салдарларды жою, саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің қалыптасқан тәжірибесін өзгерту қоғам мен мемлекетті тұрақтандырудың қажетті шартына айналғаны мәлім. Беларусь Республикасында саяси жүйені реформалау мәселелері соңғы бірнеше жыл ішінде іске асты. Ал дағдарыс 2020 жылы шарықтау шегіне жетті. Көптеген диалог алаңдарында жоспарланған реформаларға қатысты қоғамдық талқылаулардың жандануы осы жылдың ақпан айында елде референдум өткізуге және Конституцияның жаңартылған нұсқасын қабылдауға мүмкіндік берді. Онда Беларусь мемлекетінің саяси және әлеуметтік жүйесін жаңғырту туралы ұсыныстар көрініс тапты. Нәтижесінде, Беларусь елінде күшті президенттік билігі бар аралас жүйеден («суперпрезиденттік» республика) Мемлекет басшысының да, Парламенттің де, сондай-ақ заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің, өзге де органдарының саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерге теңестірілген ықпалы бар аралас жүйеге көшу басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ұсыныстар да Қазақстанның саяси жүйесін күшті президенттік биліктен түрлі демократиялық өкілдік жүйесіне көшу арнасында қайта құруға бағытталған. Партиялық жүйені жоспарлы жаңғырту және демократияландыру, тіркеу шегі мен партиялардың өңірлік өкілдігін төмендету, Президент пен жергілікті биліктің атқарушы тармағының басшыларына өз өкілдігі кезінде партиялық ұйымның мүшесі болуға тыйым салу, сайлау жүйесін таза пропорционалды жүйеден, аралас пропорционалды-мажоритарлы жүйеге өзгерту – осы өзгерістердің барлығы әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мүмкіндігін күшейтуге тиіс. Айтпақшы, Беларусь Республикасында да мажоритарлықтан аралас сайлау жүйесіне көшу мүмкіндігі белсенді талқыланды, бұл біздің саяси жүйелерімізді өзгертудің таңдалған жолының дұрыстығының көрсеткіші екені рас.
Қазақстан үшін сөзсіз артықшылық әрине, Президент билігінің беделі мен заңдылығына қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ұмтылу болып тұр. Бұл бағытта Мемлекет басшысының жақын туыстарына мемлекеттік билік органдарында және мемлекеттік кәсіпорындардың басшылығында ресми лауазымдарды атқаруға заңмен тыйым салу туралы ұсынысын құптауға болады. Конституциялық сот құру туралы шешім де маңызды жаңалық. Беларусь елінде мұндай институт ұзақ уақыт жұмыс істеді, бірақ жүргізіліп жатқан реформалар барысында оның рөлі күшейтіліп, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын қорғау үшін осы органға тікелей жүгінуге құқылы болды. Көріп отырғанымыздай, құқық қорғау институттарының рөлін күшейту және азаматтардың құқықтары мен бостандығына кепілдік беру тұрғысынан ұқсас көзқарас Қазақстанда да бар.
Мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту саласындағы шешімдер, мәслихаттардың жергілікті өкілді органдар ретіндегі рөлін күшейту азаматтарға деген қамқорлықтың көрсеткішіне айналмақ.
Осылайша, Қазақстан мен Беларусь елдері алдында тең дәрежеде тұрған XXI ғасырдың сын-қатерлері екі елде де дағдарыс құбылыстарына реакция ретінде басталған саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту барысында өте ұқсас шешімдерді өмірге әкелді. Бұл дағдарысты еңсеруде таңдалған жолдың дұрыстығын растайды.
Алексей БЕЛЯЕВ,
Беларусь мемлекеттік экономикалық университеті магистрлік дайындық институтының директоры,
саясаттанушы