Коронавирус • 15 Сәуір, 2022

COVID-19 қайта өрши ме?

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытайдың Шанхай қаласында коронавирустың омикрон штамын жұқтырған 25 млн-ға жуық адам оқшауланды.

COVID-19 қайта өрши ме?

Індеттің қарқын алуы Қытай мегаполисінің осы уақытқа де­йінгі әлемдік дертке қарсы қа­таң шараларды ұстанбауынан бо­лып отыр. Ауруға шалдыққан­дардың саны артқан кезде ғана 3 сәуір күні барлық қала бо­йынша карантин жариялан­ды. Тұрғындар үй қамақта отырып, ас-суларын тапсырыспен ал­дыруға мәжбүр. Жергілікті билік қала тұрғындарын ет, жұ­мыртқа, көкөніспен қамтамасыз етіп жатқанын хабарлады. Алай­да халық дәрі-дәрмектің тап­шылығын айтып, наразылық білдіруде.

Бұл – Шанхайдағы алғашқы жал­пықалалық карантин. Өт­кен айға дейін жергілікті би­лік шағын ғана шектеулер енгізіп келді. Тіпті 2021 жыл­дың нау­рыз айында індет жұқ­тыр­­ғандардың саны 1 800-ге дейін артқан кезде де Шанхай қаласы толықтай оқшауланудан бас тартқан еді. Шанхай Қытай­дың өзге қалаларынан неге өзге­шеленді? Оның басты себебі – Қытай экономикасы үшін маңызында. Шанхай осы уақытқа дейін Қытайды әлеммен жалғап тұрған көпір болды, қазір де солай. Ол 2018 жылдан бері елдің жалпы саудасының 10 пайыздан астамын құрап отыр. Жергілікті Caixin ақпа­рат агенттігінің хабарлауынша, Шанхай әуежайлары ел­дегі пандемияның алғашқы күн­дерінде қажет болған қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектің жартысына жуығын дер кезінде жеткізіп отырған. Мәселен, 2020 жылы Пудун халықаралық әуежайының жүк тасымалы 3,4 млн тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш ірі көлемде жүк тасымалданатын Бейжің, Гуанчжоу және Шэньчжэнь әуежайларын біріктіріп санағанда бірнеше есеге артық.

Гонконгтағы Қытай универ­ситетінің зерттеулеріне қарасақ, Шанхай секілді мегаполистердің жабылуы Қытай экономикасына едәуір нұқсан келтіретіні айтылған. Сол себепті Қытай билігі қаланың елге әкелер пайдасын тұрғындардан жоғары қойып отырған жайы бар.

Ал әлем елдері үшін бұл қауіпті. COVID-19-дың ошағы болған Қытай карантин шараларын қатаңдатып, шекарасын бекем ұстау қажет деп отыр сарапшылар. Қытай билігінің бұл әрекетіне әлем ғалымдары пікір білдіріп, бұрыс шешім болғанын айтуда. Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Мартин Гибберд Шанхайдың бұл шешімі вирус­тың әлдеқайда жұқпалы болып табылатын Omicron штамына сәйкес келмеді деп санайды.

Өзге елдердегі жағдай қандай? Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде COVID-19 инфекциясын 500 907 811 адам жұқтырып, 6 185 177 адам қайтыс болған. Қазір АҚШ-та – 1 105 217, Үндістанда – 10 860, Германияда – 3 624 615, Ұлыбританияда – 1 617 068, Түркияда – 200 060, Украинада – 821 098, Ресейде 375 452 адам дертке шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі бойынша бір апта ішінде КВИ жұқтырғандар саны төмендеген.

Инфекция жұқтырған 80 млн-нан астам адам көрсет­кішімен АҚШ алғашқы орында тұр. Одан кейін Үндістан – 45 млн адам. 30 млн тұрғыны дертке шалдыққан Бразилия үшін­ші орынға жайғасты. Ал Оңтүстік Кореяда коронавирустың омикрон XE штамы алғаш рет тір­келді. Бұл деректі аталған елдің жұқ­палы аурулармен күрес жөнін­дегі штабы мәлім­деді. Індет­тің жаңа түрін жұқ­тырған нау­қас нау­рыз айында қайта вакцина алған.

Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет Ұлыбританияда тіркел­ген омикрон XE коронавирусы Үндістанға да келіп жеткені бұ­дан бұрын хабарланған болатын. Алғашқы науқас 7 сәуірде анықталды.

Сондай-ақ Германия билігі дерт­ке қарсы күресті қатаң қолға ал­ды. Бүгінде бұл елде індеттен қай­­тыс болғандардың саны 3 мың­­нан аспайды. Германияда тес­­тілеу көрсеткішінің саны өс­к­ен. Осы орайда, Ұлыбритания би­лігі де сәуір айының соңына де­йін күн сайын 100 мың адамды тес­ті­леуден өткізетінін хабарлады.