Білім • 15 Сәуір, 2022

Жаңа үйірме ашылды

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елордалық оқушыларға Радио­элек­тро­ника үйірмесі ашылды. Оқыту бағдарламасы теориялық және тәжірибелік сабақ­тардан тұрады. Мұнда қосымша білім алушыларды құрал-жабдықтарды құрастыра білуге баулиды. Осы арқылы олардың техникалық қабілеттерін, логикалық ойлауын дамыту көзделген.

Жаңа үйірме ашылды

Үйірменің ашылуына Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаменттерінің директорлары, университет басшылығы және IT Prom одағы, сондай-ақ отандық қоғамдастықтардың өкіл­дері қатысты.

ЦДИАӨМ электрондық өнер­­кәсіпті дамыту депар­та­мен­тінің директоры Жәнібек Мұха­мед­жанов өз сөзінде техникалық бі­лім беруді дамытудың маңы­зы­на тоқталды.

«Кез келген сектордың про­цес­терін цифрландыру қажетті процестерді оңтайландыратын және автоматтандыратын жүйе­лерді құрумен байланысты. Элек­троника кез келген жүйе­нің фи­зикалық негізі саналады. Бұл негіздерді білу маңызды. Университет және басқа да білім бе­ру мекемелерінің жанынан осын­дай үйірмелер ұйым­дас­тыру дағдыларын мектеп қабыр­ға­сынан үйрету керек», деді Ж.Мұхамет­жанов.

ЕҰУ проректоры Еркін Оңғар­баев ашылған үйірме техника­лық мамандықтарға деген сұраныс ескерілгенін жеткізді.

«Қоғамда техникалық бейін­дегі кадрларға деген қажеттілік арт­ты. Мемлекет басшысы кәсіп­кер­лер алдында сөйлеген сөзінде болашақта инженер болатын жас буынды тәрбиелеу жөнінде айта келіп, ірі бизнеске, колледждер мен университеттерге қам­­қорлық жасауды, олардың қам­қор­шылық кеңестеріне кіру­ді, тәжірибелік сабақтар өткі­зу үшін зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауды ұсынды. Кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғаны қуантады. Бүгінгі ашы­лып отырған үйірменің мате­риалдық-техникалық жаб­дық­тал­уын «Логикком» компаниясы ұсынды», деді проректор.

Ұйымдастырушылардың мә­­лім­деуінше, аталған үйірме оқушылардың физиканы, оның ішінде электроника негіздерін, радио­техникалық құрылғыларды және оларды құрастыруды оқытудағы зияткерлік-шығар­ма­шылық қабілеттерін дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ сабақта алған білі­мін тәжірибеде қолдануға көмек­те­суді көздейді.

Курс  7-11-сынып оқушыларына арналған. Оқушылар қарапайым схемаларды жинауды үйренеді. Оқу қорытындысы бойынша оқу­шылар сертификаттарға ие бола­ды.