Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Германияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси және экономикалық мүдделері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, халықаралық конференция Германияның Қазақстандағы жылы аясында ұйымдастырылды. Оның жұмысына Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Әділ Тұрсынов, ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Шлагетер, халықаралық ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен дипломаттар қатысты.
Көпшілікке белгілі, өткен жылдың ақпан айында Германияға ресми сапары кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәшине жасау, ауыл шаруашылығы, тағам өндірісі салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру және кеңейту қажеттігі туралы атап айтқан болатын. Қазақстан экономикасы үшін, сонымен қатар, жаңа технология мен инжиниринг салаларында әлемдік көшбасшы болып есептелетін компаниялармен экономикалық байланысты одан әрі нығайтудың маңызы жоғары екені белгілі. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар пікірінше, “экономиканың әртүрлі салаларындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің бүгін де, келешекте де берері мол”.
Өткен жылы тауар айналымындағы кейбір күрделіліктерге қарамастан, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш деңгейі біршама жақсарып, ол 948 миллион долларды құрады. Бір құптарлығы, біздің еліміздің экономикасына Германиядан келетін тікелей инвестициялар көлемі де арта түсуде. Ал мұның өзі, түптеп келгенде, инвестициялық климаттың нақты тартымдылығының айқын кепілі. Қазақстан биылғы жылы жақын онжылдықта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, қазірде бес миллиард долларды құрайтын 140 жобаны аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 50-ге жуық жобаны жүзеге асыру жұмысы да басталмақ. Жиынға қатысып, өз пікірін ортаға салғандар неміс инвесторларын өз капиталдарын осы жобаларға бағыттауға шақырды.
Сонымен, “Германияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси және экономикалық мүдделері” атты конференцияда қауіпсіздік, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық және энергетика салаларына қатысты нақты пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды. Тағы бір атап айтарлық жәйт, Еуропа мен Қазақстан және Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Әрине, мұның өзі Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы саясатында Орталық Азия елдерінің стратегиялық маңызының артуының нәтижесі екендігі сөзсіз. Бұл орайда, Еуроодақтың Орталық Азия мемлекеттерімен 2007 жылы қабылдаған жаңа әріптестік стратегиясы ынтымақтастықтың маңызды қырларының бірі болып табылады.
Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.