Спорт • 17 Сәуір, 2022

Алматы жартылай марафонында 5 мың адам жүгірді

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17 сәуір күні бесінші Алматы жартылай марафоны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы жартылай марафонында 5 мың адам жүгірді

Марафон таңғы сағат 8-де Тұңғыш Президент саябағында бастады. 5500-ге жуық әуесқой спортшы қала көшелерімен Орталық стадиондағы мәреге қарай жүгірді.

Сөреде барлық қатысушыларды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев құттықтады. Жарыстың бас дәрігері Оразбек Сахов, бас серіктес – Onlinebank өкілі Дәурен Сартаев және жарыс директоры Салтанат Қазыбаева тілек сөздерін айтты.

Таңғы сағат 8-де сөреден бірінші болып 10 км-ге қатысушылар мен скандинавиялық жүріс өкілдері шықты. 8:32-де мәреге осы қашықтықтың жеңімпазы Денис Степаненко келді. Әйелдер арасында 10 км-де алғашқы болған – Екатерина Грицай.

Сағат 8:20-да жартылай марафоншылар – әуесқой спортшылар, эстафета қатысушылары, сондай-ақ кәсіпқой жеңіл атлеттер, жартылай марафоннан (21,1 км) Қазақстан чемпионатының қатысушылары сөреге шықты.

Жартылай марафоншылардың арасынан мәре сызығына бірінші болып жеткен халықаралық деңгейдегі жеңіл атлетикалық спорт шебері Ринас Ахмедеев болды. Оның мәре уақыты - 1 сағат 5 минут және 11 секунд, және де бұл көрсеткіш Алматы жартылай марафоны жол бағытының абсолюттік рекорды.

1:06:57 нәтижесімен жүгіріп келген Келманов Ракымжан Қазақстан Республикасы Чемпионы атағына ие болды.

Әйелдердің арасынан мәреге бірінші болып жеткен Талдықорған қаласынан Мадина Керимова болды. Сондай-ақ ол 1 сағат 18 минут 52 секунд уақытымен жартылай марафоннан Қазақстан Республикасы Чемпионы атанды.

Эстафета командаларының арасында JRun жүгіру мектебінің командасы жеңіске жетті.