Экономика • 17 Сәуір, 2022

Субсидия кімнің «сауын сиыры»?..

1705 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күні сынады» демекші, ауыл шаруашылығы саласына құзыреті жүріп тұрған шенеуніктердің «майшелпегіне» айналған субсидияны жымқырушы жемқорлардың бірсыпырасы әшкереленіп, жауапқа тартылып жатыр.

Субсидия кімнің «сауын сиыры»?..

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бұл кең ауқымда қолға алынған іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берген тапсырмасына сәй­кес атқарылып отыр­ғаны мәлім.

Аталған агенттік арнайы жүргіз­ген кешенді талдау нәтижелеріне қарағанда, субсидиялау ісінде жіті бақылау жүйесінің жоқтығы, сондай-ақ демеуқаржыны тиімсіз және мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімдіктер мен Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің лауазымды тұлғаларының нақ­ты жауапкерші­лігі болмауы жағдайды күрделенді­ріп жіберген. Бірақ олардың «қолдарында барында қоны­шынан басып», субсидия бойынша өз қалауларынша ше­шім қабылдауына кең өкілеттілік берілген.

Мәселен, Антикор жүргізген сарап­тама нәтижесінде Солтүстік Қазақ­с­тан облысында атақ-даңқы дү­ріл­деп тұрған «Зенченко және К» ком­ман­­диттік серіктестігі және «Тайын­ша­АгроИнвест», «Тұқым», «Шатило и К» сияқты ірі жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестіктер ғана жыл сайын қомақты суб­сидияға қол жеткізіп келе жатқаны анықталған. Себебі мол субсидия алу үшін шаруашылықтарға тым жоғары талап қойылады. Мысалы, демеуқаржыдан дәмелі шаруашылықтың өгізшелерді семіртіп, етке өткізу үшін 1000 ірі қара сыятын бордақылау алаңы болуы шарт. Әлбетте, оны салу шағын шаруа қожалықтарының қолынан оңайлықпен келмейтіні айдан анық. Ал субсидия алудың «қыр-сырына» қанық адамға мұндай талаптың қандай мақсатпен қабылданғаны айтпаса да түсінікті...

Бұған қоса, субсидиялаудың ақпа­рат­тық жүйелері әлі күнге жетілдірілмеген, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалмаған, ал мұның өзі деректермен айла-шарғы жасауға мүмкіндік береді. Соның салдарынан мал шаруашылығы саласында жануарлардың жасын, жынысын өз бетінше түзету, олардың сәйкестендіру нөмірлерін қайталап көрсету сияқты көптеген бұрмалаушылыққа жол берілген. Олар белгіленген критерийлерге сай келмейтін жануарларды субсидиялау, бір мал басын екі рет субсидиялау, субсидия төленген малдың сақталуын және мақсатсыз пайдаланы­луын қамтамасыз етпеу үшін қаса­қана жасалған. Мысалы, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың бірінде субсидия алу үшін сиырлардың жасын бұзаудың жасына түзетудің 400-ден астам фактісі әшкереленген.

Субсидияны жымқырудың тағы бір схемасы – өңірлік ауыл шаруашылығы басқармалары қызметкерлерінің өзде­рінің жеке мүдделері бар компаниялар сатып алатын жабдықтар құнын барынша көтеруі және сапасы төмен, арзан техниканы таңдап алуы. Кейде тіпті қажетті жабдық әкелінбесе де, ақысы жалған актілер бойынша аударылған. Ал Ақтөбе облысында Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ұлттық аграр­лық ғылыми орталықтың (ҰАҒО) қызметкерлерінен құрылған қылмыстық топ 3 жыл бойы өздерінің жеке мүдделері бар кәсіпорындар арқылы 400-ден астам шаруа қожалығына күн панельдерін жоғары бағамен жеткізіп қана қоймай, олардың электронды цифрлы қолдарын пайдаланып өтінім жасап, берілген субсидияны өзара бөліп алған. Осы ҰАҒО қызметкерлеріне қатысты Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарында да қылмыстық істер қозғалған.

Егіншілік саласын субсидиялауда негізгі тәуекелдер жалған мәмілелер жасасу мүмкіндігімен, құжаттардың дұрыстығын, демеуқаржы төленетін тыңайтқыштар, пестицидтер, тұқым сияқты өнімдерді нақты сатып алу мен мақсатты пайдалануды тексеру тетіктерінің болмауымен байланысты.

Осындай коррупциялық тәуекел­дер Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметтің және прокуратура орган­дарының тексерулері барысында расталып, 100 қылмыстық іс қозғалған. Был­тыр Антикор жүргізген арнайы операция барысында Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне, Нұр-Сұл­тан, Шымкент қалаларының, Ақмо­ла, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қа­зақ­стан, Батыс Қазақстан, Аты­рау және Ақтөбе облыстарының әкімдік­те­ріне бағынышты ұйымдардың қызмет­кер­лерінен құрылған қылмыстық топтардың жолдары кесілген. Тергеу нәтижесінде 14 лауазымды тұлға қамауға алынып, 22 адам күдікке ілінген. Бірталай іс сотқа беріліп, тиісті үкімдер шығарылған: Жамбыл облысында мал шаруашылығы бөлімінің басшысы өзінің жеке мүд­де­сі бар шаруа қожалығы үшін іс жүзінде сатып алынбаған малға 33 млн теңге субсидия алуды ұйым­дастырғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Түркістан облыстық филиалының менеджері «Сыбаға» бағдарламасы бо­йынша асыл тұқымды мал сатып алу үшін алған 45 млн теңгені жымқырғаны үшін 5 жыл­ға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы басқа адамдармен топтаса отырып, 120 шаруа қожалығының атынан жалған құжаттар жасап, олардың шоттарына түскен субсидияларды жымқырғаны үшін сотқа тартылған.

Биыл Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл және Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқар­малары басшыларының орынбасар­ла­ры ауыл шаруашылығын субсидия­лауға бөлінген қаржыны жымқырды
деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды.

Ауыл шаруашылығын субсидиялау ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры тереңде десек, қателеспейміз. Біріншіден, осы саланың министрі ауыс­қан сайын субсидиялау саясаты мен критерийлері де өзгертіліп оты­рады. Антикор мұның «сырын» ашып айтпағанымен, мамандар әр бас­шының субсидиялау ісіндегі «рефор­масының» көздегені – шынтуайтында, мемлекеттің мүддесі емес, қызыл сөзбен бүркемеленген жеке басының мүддесі, өйткені әрқайсысының сыр­тында өзінің «бүйрегі бұрып тұра­тын» компаниялар бар деген пікір айтады. Екіншіден, субсидия алу­дың бағыттары, түрлері, шарттары көп екені шаруалар үшін үлкен әкім­шілік кедергіге айналған. Бұл да ауыл шаруашылығына билігі жүретін лауазымды тұлғалардың «тілін тапқан» ірі компаниялар үшін қолдан жасалған айла-шарғы іспетті. Субсидиялаудың осындай жүйесі сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып, ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын әділетсіз, әрі ұтымсыз бөлуге әкеледі.

...Осыдан он шақты жыл бұрын ауыл шаруашылығындағы субсидияға қатысты парақорлық жайлы анекдотқа бергісіз бір «аңыз» естігеніміз бар: теріскей өңірлердің бірінің табиғаты тамылжыған үлкен ауданына әкім болып тағайындалуға дайындалып жатқан шенеунік өзімен ым-жымы бір облыс басшысының «батасын» алып тұрып: «Білуімше, мен барғалы отырған аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары субсидиядан жинайтын алымның басқа аудандардағы әріптестері сияқты 20 пайызын емес, 50 пайызын өз қалтасына басып қалатын көрінеді. Онымен қалай жұмыс істеймін?..», дейді. Облыс әкімі дереу әлгі «әдепсіз» орынбасардың түйіндемесін алдырып қарап: «Бұл кісі өте тәжірибелі кадр екен, сені аяғыңнан шалып, еркін жұмыс істете де қоймас. Ендеше, оны ешкім қызыға қоймайтын қу даладағы ең алыс ауданға әкім қылып өсіріп жіберейін...», деген екен.

Ауыл шаруашылығы саласын алға бас­­­тырмай келе жатқан былық-шылық­тың басты себебінің бірі саналатын субсидия жайлы сөз қозғалғанда сол сөз еске түседі. Алайда бүгінде демеуқаржыны талан-таражға салғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып жатқандардың ішінде әкімқаралар жоқтың қасы. Ал субсидия әпергені үшін шаруалардан алған қыруар параны өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен олардың орынбасарлары, бөлім басшылары тек өз қалталарына басып отыр дегенге сену қиын. Баяғыша «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып» жатқан тәрізді. Шындығында, субсидия кімнің һәм кімдердің «сауын сиыры» екенін анықтау – Антикорға сын деп ойлаймыз.