Топтан шеттеңкіреп тұрмын. Қазақтың үш бозбаласы ұрынарға қара таппай, екі иықтарын жұлып жеп анадай жерде айналасына шырт-шырт түкіреді.
Мен күткен автобустың төбесі көрінер шақ та таяп қалған. Сол кезде көзіне қап-қара көзәйнек киген, сұр плащының етегі тізесіне түскен, сұңғақ бойлы, сары шашын барынша сәндеген, шағын қол сөмкесін қып-қызыл етіп бояған ұзын тырнақты саусақтарымен қысып ұстаған славян тектес, дұрысы – реңі еуропалық келіншек маған жақындау тұсқа келіп тұрды. Әбден күтімдегі келіншек екені анық. Кеудесін тік ұстайды. Айналасына тәкаппарлана қарайтындай.
Көп адамға тән бір жаман әдет – біреудің сыртқы пішініне қарап ой түйіп, оның қандай адам екенін кесіп-пішіп бағалау. Осы әдет менде де болғаны ғой, әлгі келіншектің сыртқы түр-тұлғасын барлай қарап, бір шолып шықтым да: «Ой-хой, әбден күтімдегі келіншек екен. Бір белді кеңседе жұмыс істейтін болды ғой. Қаланың жайлы өмірінің қызығын көрген, қолын ыстық суға малып, қара бейнет көрмеген ақсаусақтың нағыз өзі дерсің. Мұндайлар қазақтың ділін, тілін қайтсін?.. Осындайларды ауылдағы қара жұмысқа салсаң ғой, көрер едім, өстіп шікірейіп тұрғанын», деп оған деген жағымсыз ыңғайдағы пікірге шиырлап қалдым. Оны жақтырмай тұрғанымның негізгі себебі, ауылдағы қайран қазақ әйелінің бейнетті өмірін көріп өскен мен, қаланың қолайлы өмірінде осылайша шалқып жүрген өзге этнос өкілінің өмірін көре алмай, қызғанудан туындаған еді.
Автобус та келіп жетті. Соңғы есіктен міндім. Менімен бірге әлгі келіншек те, жоғарыда сөз болған үш бозбала да сағызын шайнаңдап автобусқа аяқ артты. Көлікте адам көп емес екен. Еркін тұрмыз. Әлгі үш бозбаланың бірі әлгі келіншекті көз ишарасымен меңзей тұра кекете бастады. Қалған екеуі де серіктерін қолдап қояды. Бейәдеп сөздерді араластыра көсілді-ау дейсің. Олардың мына қылығын қуаттаңқырап тұрмын. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, оған деген іштей көреалмаушылық бар ғой. Келіншек өзімен-өзі. Өздерінің қазақша айтып жатқан сөздерін өзге этнос өкілі саналатын келіншектің түсінбейтініне бек сенімді олар тым артықтау кете бастады. Балалардың бірі: «Мұндайларды ауылға апарып аямай қара жұмысқа салу керек. Оған көнбесе, елден қуып шығу керек, қазақтың ауасына, жеріне, байлығына ортақтастырмай. Бұлардан түк пайда жоқ», деп еді дәл осы тұста бағаналы бері өз бетінше тұрған келіншек әлгі балаларға жалт бұрылды да, көз әйнегін шешіп, тұздай көк көздерін қадап, салмақпен таза қазақ тілінде: «Әй, балалар, ауыздарыңа қарап сөйлеңдер, мені ешқайда қуып шыға алмайсыңдар. Менің туып-өскен өңірім, Отаным – осы жер. Осы елге қызмет етемін, осы жерде сүйегім қалады. Кетсеңдер, өздерің кетіңдер. Қайта қазаққа тән тәрбиеден, үлкенді сыйлау әдебінен ада мына сен сияқтыларды елден айдап шығу керек. Қазаққа кімнің пайдалы, кімнің зиянды екенін ажыратып беретін сендер емессіңдер. Қайта қазаққа сендер сияқты әдепсіз жастардан пайда жоқ», демесі бар ма? Мәссаған! Қазақша таза сөйлейді, сайрап тұр.
Шашы сары, ұлты бөлек, біз қазақ тілін білмейтініне күмәніміз болмаған әлгі келіншектің мына батыл сөздерінен бозбалалар жым болды. Менің де ішім қылп ете қалды әрі оған деген пікірім жағымды түрге ене берді. Тегі басқа жан сенің тіліңде сайрап тұрса, қалайша оған ішің жылымайды.
Автобусқа мінгелі әдепсіз әрі өрескел сөздерін тегі бөлек келіншектің түсініп келе жатқанын білген үш бозбала сасып қалды, ұяттан беттері қызарып шыға келді. Сол сәтте автобус бір аялдамаға тоқтады. Үшеуі де автобустан атып шығып, қараларын көрсетпей кетті. Өздерінің артық кеткендерін түсініп, онысынан ұялып, барар жеріне жетпестен автобустан түсіп қалғаны анық.
Мына көріністен мен де қысылып қалдым. Санамдағы ойым, пікірім сыртқа шықпады демесең, менің ішкі әлемімдегі ниетім оңды емес еді ғой. Содан болар, бетіме қызыл қан ойнап шықты. Осы оқиғадан кейін сырттай қарап өзге туралы жағымсыз пікірде болудан сақтанып, абайлап жүретін болдым. Өмір сабағы деген осы.