Қазақстан • 18 Сәуір, 2022

Қадым заманғы қолжазбалар таныстырылды

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нидерландтағы Лейден кітапханасынан алынған Сәйф Сарайдың «Гүлстаны» (ХІV ғ.), Венадан табылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» (ХІ ғ.) дастанының көшірмесі, Франциядан алынған «Дафтар Шыңғыс Нама» (Париж тізімі), тағы басқа қолжазбалар немесе олардың көшірмесі өткен аптаның соңында «Ұлы дала тарихының жазба мұрасы» көрмесіне қойылды. Араб, парсы, түрік, шағатай тіліндегі қолжазбалар мен сирек кітаптардың қай-қайсысы болсын ұлт мәдениетінің алтын тамыры іспеттес құнды дүниелер.

Қадым заманғы қолжазбалар таныстырылды

Елордадағы Ұлттық музейде Мәде­ниет және спорт министрлігі Қол­жазбалар және сирек кітаптар ұлттық орта­лығымен бірлесіп ұйымдастырған көр­менің ашылуына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Пар­ламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­тары, Қазақстандағы дипломатиялық мис­сия­л­ардың басшылары мен өкіл­дері (Әзербайжан, Қырғызстан, Түр­кия, Иран), қоғам, ғылыми және сарап­та­малық қауымдастық, архивтер, кітап­ханалар, музейлердің өкілдері қатысты.

Көрмеге Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының қорларында сақталған ежелгі жазба ескерткіштер, қолжазбалар мен сирек кітаптар қойылды. Атап айтқанда, VII ғасырда жазылған қасиетті Құран Кәрім, Қожа Ахмет Ясауи, Наср ибн Мұхаммед Самарқанди, Махбуби, Ибн Халликан және тағы басқа авторлардың шығармалары. Ұлы даламызда Қыпшақ, Қарахан, Алтын Орда дәуірлерінде хатқа түсіп, әлем жауһарларының алтын жүлгесіне айналған бұл көне туындылар қазақ халқының төл мәдениетіне жататын сирек қолжазбалар екенін таныту бүгінгідей жаһандану кезінде өте маңызды.

«Көне жазба мұралар төл мәде­ниеті­міз бен тарихымызды әлемге әйгілеп қана қоймай, көпшілікке дәріптейді. Ұлт руханиятын одан әрі нығайтып, жас ұрпақтың тарихи санасы тереңдеуіне жол ашады. Осы ретте біз Ұлттық музейде қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығындағы бірегей жазба деректерден арнайы көрме ұйымдастырып отырмыз. Мақсат – тарихи мұраларды келешекпен байланыстыру, еліміздің санғасырлық тарихын айқындайтын баға жетпес мұраларын таныту. Сонымен қатар ол дүниелерді ғылыми айналымға қосып, ғалымдар мен зерттеушілер үшін қолжетімді ету өте маңызды. Көр­ме­де ел тарихына қатысты бірнеше ма­ңызды жазба қойылған», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрменің ашылу салтанатында.

Қадым замандардан сыр шертіп қана қоймай, терең парасат, пайымның озық үлгілерін ұсынатын қолжазбалық жәдігерлер ұлтымыздың рухани, саяси, мәдени және тарихи ескерткіштерінің қатарынан саналады. Ұлттық мәдениетке ғана емес, әлемдік ақыл-ойдың дамуына олжа салған көне мұралар ғылымның, білімнің және мәдениеттің дамуына үлкен әсер етеді. Осы мақсатты көздеген көрме барысында тарихи қолжазбаларды көпшілікке тарату бағытында жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде, жас ғалым­дарға бастапқы дереккөздермен жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр.

«Мұндағы Алтын Орда дәуірі әде­биетіне жататын Сәйф Сарай мен Құ­тыб­ты қазақ жазба әдебиетінің негізін қалау­шы ретінде тануға болады. Өйткені Құтыбтың «Хұсырау-Шырыны» немесе Сәйф Сарай еңбектері шағатайша қыпшақ тілінің негізінде жазылған», дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Әбсалықов.

«Ұлы дала тарихының жазба мұра­лары» атты көрмеге Қайып ханның түрік сұлтаны ІІ Ахмедке жазған хатынан үзін­ді, сұлтан Кенесары, Жәңгір хан, Абы­лай ханның хаттары және тағы басқа құн­ды жәдігерлер қойылған. Ұлттық музей­дегі көрмені елорда жұртшылығы жыл соңына дейін тамашалай алады.