Әкеміз Әбдікәрім екеуі 1961 жылы танысып, көңілдері жарасып, отбасын құрады. Ол заманда ағыл-тегіл құдалық өткізу, аста-төк той жасау деген жоқ. Үлкендер келісіп, көңілдері жарасқан екі жасқа баталарын беріп, шығарып салады. Қазығұрттың күнгей бетінде орналасқан «Жаңаталап» деген ауылға анамыз келін болып түседі. Ертеректе қайтыс болып кеткен бабамыз Бектайдың өзі салып кеткен кішкентай ғана үйінде екі әжеміз бен әкеміз тұрған. Үйлене салып оқуға түскен әкем Ташкенттегі ирригациялық институтқа оқуға кетеді. Екі апасы мен барлық үй шаруасын арқалап анамыз қалады. Үлкен әжеміз Жұлдызай да, кіші апамыз Тасбике де өте еңбекқор, жалғыз баласының жолында жанын беруге дайын тұратын кісілер болатын. Келін түсіріп, көңілдері марқайып, негізгі жүк келінге жүктелген соң, қолдары босағандай болғанымен сол замандағы ауыртпашылық еңселерін көтертпейді. Анамыз сол екі апаның көңілінен шығу үшін бар ықыласымен, отбасында көрген тәрбиесімен қызмет жасайды. Шаңырақтың керегесін берік, берекесін арттыру үшін күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Үйдің малына қажетті шөпті де шабады, есіктің алдындағы егісті де егеді, малға да қарайды, аналардың жағдайын жасап, үй шаруасын да дөңгелетеді.
Мен жалғыз баласының тілеуін тілеп жүргенде көрген тұңғыш немересіне ерекше еміренген Тасбике апамыздың баласы болып өстім, «Әлижан әкесінің інісіндей болады, оның атын атамайсың», – деген апамыздың талабына көніп, анам да атымды айтпай, «Төрежан» деп атайды. 1986 жылы Тасбике апам 86 жасында өмірден озды.
Анам Роза апам өмірден өткеннен кейін де мені «Төрежан» деуден танған жоқ. Бір күні мен «Анашым, апам болса өмірден өтіп кетті. Енді сіз менің атымды Әли деп атай бермейсіз бе?» дегенімде, «айналайын, балам-ау, енемнің өзі дүниеден өткенмен, аруағы төбеден қарап тұр ғой, мен ол кісіге берген уәдемді қалай бұза аламын?» деп ыңғай бермеді. Дәл осыны қазіргі жастар дұрыс түсінбеуі мүмкін, ертегі сияқты көретін де шығар. Бірақ біздің аналарымыз, қазақтың аналары бұрыннан осылай. Халқымыздың салт-дәстүрімен үндесіп жасап келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің тәрбиесін көрген, ата-баба аруағын құрметтеген, ар-ұятты жоғары қойған менің анам сияқты көптеген ана өмірдің бар ауыртпашылығын көтере жүріп, бала да туды, перзентін де тәрбиеледі, жарына да қарады, ененің де жағдайын жасады, қонақты да күтті, үйдің де берекесін ұстап отырды. Соның арқасында ұрпақ та өсті, ел де дамыды.
Біздің анамыз Розаның ең үлкен қасиеті – еңбекқорлығы. Мен ес білгелі анамның бір тынғанын көрген емеспін. Қашан қарасаң бір нәрсе істеп жатады.
Марқұм әкеміз «Аналарыңның қолында дипломы болмаса да, дипломы бар барлығымызды басқарып отыр», дейтін. Тұрмыстың тауқыметінен, анадан ерте айырылып, әулеттегі барлық жауапкершілік өз мойнына артылған соң, анамыз әкесіне, екі сіңлісі мен екі інісіне қамқор болып, үй шаруасынан ұзап кете алмаған, оқуға түсіп, арнайы мамандық ала алмады. Бірақ жоғарғы білім туралы дипломы болмаса да өте зерек, ақылды, парасатты анамыз жастайынан кітапқа құмар, қазақтың салт-дәстүрін мықты меңгерген жан. Қолөнерге жақын ол кісі тігін тігу, кесте тоқу, құрақ құрау секілді іскерлігінің арқасында үйдегі барлық бұйымды өз қолымен жасай беретін. Поэзияға құштар, өлең жазып, жыр шумақтарын мәнерлеп оқуға құмар анамыз бір-екі шумақ өлеңді табан астында шығарып ортаға тастай салатын. Жағымды қоңыр даусымен әдемі ән салады, мақал-мәтелдерді орнымен мәнісін келтіре айтудың қас шебері десем қателеспеген болар едім. Өмірдегі әрқилы жағдайға бір мақалы дайын тұрады. Оның өзі үлкен өнер, жастар үшін үлкен тағылым. Бірде жұмыстан келіп, бастан өткен бір жағдайларды ойлап, тұнжырап отырған болуым керек, анам маған қарап: «Балам, қазақта «Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік талай жерді өртейді», деген сөз бар. Жұмыста түрлі жағдай бола береді. Өзіңнің сөзің адал, тірлігің таза болса, ештеңеге уайым жеме. Әр нәрсені ойлап, көңіліңе ауыр ала берме, жүрегіңе әсер етеді», дегені әлі есімде. Өзімді өзім жинап алып, көкейдегі сұрағымды қойдым:
– Анашым, осының барлығын қайдан білесіз?
– Өмір мектебіне ештеңе жетпейді ғой, – деп еді.
Тағы бір үлкен қасиеттің бірі – қарапайымдылық. Сол қарапайымдылығы үнемі мәртебесін биіктетіп тұрады. Осы уақытқа дейін үйге келген әкеміздің туысқан іні-бауырларын төрге шығарып, аттарын атамай, «қайным», деп бірінші дәмді өзі әкеліп қояды. Абысын-ажындарына деген сый-құрметті көрсеңіз. Әзілдеп жүріп, баяғы өздерінің жас кездегі әңгімелерінен бастап, осы уақыттағы жақсылықтарды айтып, балаларының, немере-шөберелерінің амандығына ауысады. Анамыздың өмірдегі ұстанып келе жатқан айнымас принципі: «біз ешкімнен де артық емеспіз, ешкім де бізден кем емес». Барған жерінде де барлық адаммен бірдей амандасып, бірдей араласып, барлығының қал-жағдайын, ұл-қыздарының амандығын сұрап, содан кейін ғана орнына жайғасады. Баласының әрбір жеткен жетістігіне қуанбайтын ана жоқ шығар. Біздің анамыз да қуанады, бірақ еш білдірмейді, айтатыны: «Алдымен Алланың арқасында жеттіңдер, шүкіршілік етіп, тәубе деп жүріңдер». Жалпы қарапайымдылық – қанға сіңген қасиеттен. Адам қанша ұлық болған сайын, сонша кішік болғаны дұрыс екендігін ата-бабаларымыз да айтып кеткен. Біздің ата-анамыздың да өмірлік принциптері сондай-тұғын.
Өзінің еңбек жолын сонау Мырзашөл өңіріндегі жаңадан ашылған мақта совхозында жай гидротехник болып бастаған әкеміз Әбдікәрім өмірдің бар сатысынан өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер ауданында (қазіргі Төлеби) халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы, одан соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін 15 жылдай атқарды. Әкеміз қалың бұқара қолдаған, елдің үлкен-кішісі бірдей қатты қадірлейтін, тұрғындардың мұң-мұқтажын шешуде жанын аямайтын басшы болды деп толық сеніммен айта аламын. Оған себеп әкемнің де, шешемнің де қарапайымдылығы. Анамыз әкеміздің қызмет көлігін ешқашан да пайдаланбайтын. Базарға барса да, дүкенге шықса да маршрутты автобуспен барып-келе беретін. Оны көрген қарапайым халық «Автобуста жүрген хатшының әйелін бірінші рет көрдік», деп әңгіме айтады екен. Базардан алған азық-түлігін де өзі арқалап, автобуспен үйге келетін. Осындай қарапайымдылығын көрген халық та анамызды қатты сыйлайтын.
Әкеміз қайтыс болғанда шаңырағымыз ойылып ортаға түскендей күй кештік. Көз алдымызда, қолымыздан ештеңе келмей, айырылып қалғанымызда, төбемізге жай түскендей көрінді. Ештеңе аяқ астынан ойға келмей, аңырап тұрғанымызда да «Әй, балаларым, еңселеріңді көтеріңдер. Өмірде өлімнің өзі сын. Ертең естіген жұрт ағылып келе бастайды. «Әкелерін соңғы сапарға дұрыстап шығарып та сала алмады» деген сөзге қалмаңдар. Бастарыңды көтеріп, әрекеттеріңді жасаңдар!» деп бізге алғаш күш берген де анамыз еді. Иә, Ана – құдірет! Міне, елуді еңсеріп, алпыс жастың асқарына шықсақ та оны мойындап келеміз. Анамыздың рухы қаншалықты мықты екендігіне тағы да көзіміз жетті. Сол анамыз рухының мықтылығына, көзінің қарақтылығына, сөзінің дәлдігіне, өзінің әділдігіне қарамай, өмір бақи әкеміздің көлеңкесінде жүрді. Ешқашан алдына түскен жоқ, сөзін бөлген емес, қарсы келген емес. Өзінің дұрыс позициясын да жайлап әкемнің тамырын басып отырып, жеткізетін. Әкені қадірлеу, енені сыйлау, жарды құрмет тұту, перзентке тәрбие беруге келгенде біздің анамызға жан жетпейтіндей көрінеді. Әрине, әркім өз анасын артық көреді. Әлемдегі барлық ананың орны бөлек. Бірақ біздің анамыз Роза Жайлаубекқызының бар болмысы, жүріс-тұрысы, сөз саптауы, адамға деген құрметі, үлкенге деген ілтипаты, кісіге деген ізеті ерекше болып көрінеді де тұрады.
Негізінде, балаға жақсы тәрбие беру үшін жүз сөйлеп, мың ақыл айтудың қажеті жоқ. Ата-ананың өз болмысымен үлгі болуы – ең ерекше тәрбие. Бала ата-анаға қарап өседі. Үйде ұрыс-жанжалдың көп болуы бала психологиясына кері әсер ететін жайт. Өзі арақ ішіп, темекі шегетін адамның баласына ішпе, шекпе деген сөзінде дәм де, мән де, әсер де болмайды. Таза тұрып, таза жүрген ата-ананың балалары да таза тәбетті болады. Жақсы сөз естіген балада жақсы ой қалады, ғибратты әрекет еткеннің ұрпағына береке, бақ байланады. Бізді ата-анамыз қонақ келсе қастарына шақырып, алдымен қолдарына су құйғызып, содан шай құйғызып, отбасылық тәрбиеге бағыттайтын. Ондағы ойлары сол үлкен кісілердің жақсы сөздерін бойларына сіңірсін дегендері екендігін қазір түсініп жүрміз.
Бір жолы оңтүстік өңіріне еліміздің көрнекті қайраткері, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз келді. Төлеби бабаның мұраларын жинап жүр екен. Қасында Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, генерал-майор Ержан Исақұлов, белгілі дінтанушы, ескі араб тілінің маманы, аса сауатты діндар Абдулла Жолдасов ағаларымыз жүр. Ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесіп болғаннан кейін Қасқасудағы ел ағасының шаңырағына барып, қонақтарға арналған дастарқанға жайғастық. Әңгіме қызып жатқан тұста үлкен ас келді, қазақтың дәстүріне сәйкес қойдың басы да әкелінді. Қызмет жасап жүрген жігіт, сасқалақтап жүріп, абайсызда қойдың басын жерге түсіріп алмасы бар ма. Бір-екі кісі «басты алып кете ғой», деп жатыр. Сонда ортада отырған Абдулла Жолдасов: «Ештеңе де етпейді. Үлкендердің алдында сасқалақтау бәріміздің бойымызда бар нәрсе. Дастарқанның киесі үстінде тұрған аста ма, жоқ жерге түскен баста ма, бір Құдай біледі. Басты алып келіңіздер, бәріміз де ауыз тиеміз», деп ғұламалығын танытты, үй егелерінің ыңғайсызданған күйін сейілтті. Бәріміз де сол бастан ауыз тидік. Алып келген сыбағаны кері қайтармаудың өзі үлкен өнеге болды.
Біздің қазақ халқының салт-дәстүрінің өзі үлкен академия. Ел арасында осы академияның сүзгісінен өтіп, халқымыздың барлық нәрін бойына сіңірген, әрі білгір, әрі өткір, әрі адал, әрі әділ азаматтар көп болған. Қазір де аз емес. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі Мырзатай Жолдасбеков-
тің сол келген сапарында: «Жігіттер, ел басқарып жүрген азаматтардың арасында татулық болса, елде береке болады. Араларыңнан қыл өтпесін. Қыл өтсе – бәрі өтіп кетеді», дегені не деген қасиетті сөз! Бұндай сөзді көкейінің түбінде шамшырағы бар адамдар ғана айта алады.
«Сен ата-анаңның үмітісің. Сен қайталанбас тұлғасың, өз өміріңнің белсенді жасаушысысың, сондықтан өзіңе ғана сен», деген екен даңқты қолбасшы, қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы. Сол айтылғандай ата-анамыз бізге мәңгі үлгі болғанымен өз тағдырымызды өзіміз қалайтындығымыз табиғи шындық. «Адам болып туу – анадан, айуан боп кету – өзіңнен», деген Қадыр Мырза Әлінің сөзі көп нәрсені аңғартса керек.
Сүрініп-қабынып жүрген әрбір пенде қиналғанда, жәбір шеккенде, жаны қысылғанда айналып келіп анасының қанатының астынан келіп пана табады, күш жинайды, жанына ләззат алады, демалады, бой жазады. Жылылықтың жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол әрбір перзент үшін ең аялы ұя екені даусыз.
Жасым алпысқа келсе де қатты шаршаған уақыттарда анамды барып бір құшақтап, ағарған самайынан бір иіскесем, керемет ләззат аламын, шаршағаным басылып, бойым жадырайды.
Осындай, анамның қасында отыратын сәттер жиі болса екен деймін. Жолдың алыстығына, жұмыстың көптігіне, уақыттың тығыздығына байланысты көп бара алмай қаламыз. Кейде анамды сағынып, телефон арқылы сөйлесейікші деп ойлансам болды, сол мезетте анамның өзі телефон соғып қалады. Бұл қандай тылсым байланыс? Кейде ол кісі ойланғанда мен телефон соғады екенмін. Бала туғанда анасына кіндігімен байланып туылатыны бекер емес шығар. Кіндікті кескенмен рухани байланыс үзілмесе керек...
«Ана көрегендігінің теңдесі жоқ. Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрады», деген екен О.Бальзак.
Менің анам туралы осы жазғандарым ешкімге жаңалық бола қоймас. Барлық ана мен перзенттің арасындағы байланыс, ниет, бойындағы қасиеттер біздікіне ұқсас болуы керек. Барлық ана менің анамдай, барлық бала өз анасы туралы мен сияқты ойлайтын шығар. Бірақ мен осы шығарманы бірнеше ай бойы, көз майымды тамызып жаза отырып, анама көзі тірісінде бір ескерткіш қойғым келді. Бұл еңбегім анама лайықты ескерткішке тұра ма, тұрмай ма, бір Құдай біледі. Одан кейін осыны көңілі түсіп оқыған оқырмандар білер. Ал өзім осы шығарманы жаза отырып кей кездері рақаттанып, кей уақыттары көзіме жас алдым. Ана тағдыры – күрделі құбылыс. Ана болу әрі бақыт, әрі үлкен жауапкершілік. Бала жақсы болса, жұрт әкесін мақтайды, ал жаман болса, анасын кінәлайды. Ана құрсағының ешқандай да кінәсы жоқ. Кейде біздің аналарымыз өмірге қыз әкелгені үшін де кінәлі болып жатады. Әрине, ұл – ұрпақ жалғасы, ізбасар, бұл өмірде қыздың орны да ерекше. Қыз – ең бірінші қамқоршың, тілеулесің, қолғанатың. Қыздың ғана мойнына ең үлкен миссия жүктелген – болашақта өмірге ұрпақ әкелу. Осы миссияны әйел ғана атқара алады. Әйелдің бойындағы қасиетіне, рухани күш жігеріне, мінез-құлқына, бойындағы шыдамдылығы мен сабырлығына сәбидің өмірге келуі де, оның өсіп жетілуі де тікелей байланысты. Бір жігіт ғұламадан келіп: «Ата, менің әйелім босанып ұл туды, енді сол перзентім жақсы азамат болуы үшін қандай тәрбие беруім керек?», дегенде қария бірден: «Ей, балам, сен тоғыз айға кешіктің», деген екен. Яғни перзенттің болашақ болмысы, мінез-құлқы, ой-өрісі құрсақта жатқан кезде анасының көңіл күйіне, мінез-құлқына тікелей байланысты деген сөз. Жарының жай-күйі ер азаматтың бірінші назарында болатын нәрсе.
Небір батырларымыз бен ақындарымызға, хандарымыз бен билерімізге ескерткіш қойып жатамыз. Ал сол кісілерді туып, өсірген, тәрбиелеген аналарымыз тасада қалыс қалып қояды. Осы нәрселер ойда жүргеннен болар, Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалған соң, бір жағынан рухани астанамызда бастама болсын әрі аналарымыздың еңбегі мен ерлігіне қойылған құрмет белгісі болсын деп «Анаға тағзым» деген ескерткіш орнаттық. Республикада бірінші рет, қолында сәбиін көтерген ананың тұрған бейнесі бой көтерді. Салтанатты ашылуына тұрғындар көп жиналды. Аналарымыз, қыз-келіншектер келіп рахмет айтып жатты. «Көпбалалы аналардың біріне сөз беру керек», деген менің ұсынысымды қабыл алған жігіттер «Оранғай» ауылдық округінде тұратын бір батыр ананы шақырған екен, сол кісіге сөз берілді. «Айналайындар, тілектеріңе, құрметтеріңе мың рахмет! Мен он бес баланың анасымын. Алдындағылардың барлығы қыз болды. Отағасына ізбасар болатын ұл туғанша туа беремін деп өзіме серт бердім. Он төрт қыздан кейін барып ұл өмірге келді, содан соң барып мен де тоқтадым»,
дегенде елдің бәрі сенер-сенбесін білмей, ду қол шапалақтап жіберді.
Әли БЕКТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Ауыл» партиясының төрағасы