Мұнда өнер қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы туралы туындылар, жеке заттары, отбасылық фотосуреттері, орден, медаль, аттестат куәліктерінің көшірмелері келушілер назарына ұсынылған. Сондай-ақ актрисаның өз қолымен жазған өмірбаяны да сақталған.
Ал осы айдың үшінші онкүндігінде Шолпан Жандарбекованың өмірі мен шығармашылығына арналған спектакльдер көрсетілетін Қарқаралы мәдениет үйінің холында жылжымалы стендтер қойылмақшы.
Аталған мұражайдың директоры Назым Әбішева өнер иесінің шығармашылығын насихаттап, оның талантының бар қырын ашуды мақсат еткендерін айтады.
– Біздің мұражайда актрисаның отбасылық мұрағатынан алынған бірегей фотосуреттердің және құжаттарының көшірмелері бар. Осының бәрін біз Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде оқитын студенттерге де көрсеткіміз келеді. Сондықтан мәдениет үйіндегі көрмеден кейін стендтер Қарағандыға жеткізіледі, – дейді мұражай директоры.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қарқаралы ауданының Милыбұлақ ауылында дүниеге келген. Әйгілі актриса театр өнері мен киноиндустрия тарихында өшпес із қалдырды. Мысалы, актриса «Абай жолы», «Дала қызы», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмде ойнаған.
Шолпан Жандарбекова өмірінің көп бөлігін М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында өткізіп, 200-ден астам образды сомдады. Сонымен қатар ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберліктен сабақ беріп, атақты актерлердің үлкен шоғырын тәрбиелеп шығарған.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы