Жыл сайын наурыз, сәуір айларында белгіленген кестеге сәйкес Тарбағатай мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері аң-құстарды есепке алуға кіріседі. Тарбағатай тауы Қытай шекарасын басып өтіп, Сауыр-Сайқанға қарай созылып жатыр. Ең биік шыңы – Тастау. Теңіз деңгейінен 2 992 метр жоғарыда. Ертедегі атауы Барқытбел деседі көнекөздер. Иә, әбден мүмкін. Өйткені Тарбағатай сөзі моңғол тілінің «тарбаған» сөзінен шыққан деген болжам бар. Бұл – суыр деген сөз. Яғни суырлы тау. Тарбағатайдың қойын-қолатында аңқиттап отыратын суырдың санында есеп жоқ. Суыр ғана емес, аң-құстың жүздеген түрі кездеседі. Басқасын айтпағанда, Қызыл кітапқа енген арқар, қоян, суыр, елік, қарашұбар жылан, дуадақ, ақбас тырна, дала бүркіті, қарабауыр бұлдырық, лашын, ителгі, бүркіт, қарақұс, құр, сұр шіл, кекілік, үкі осы Тарбағатай қорығында баршылық. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, 2018 жылдан бері өңірде аң саны көбейген. Демек қорық құрылып, аң-құстар қорғауға алынғалы аң атуға мүлдем тыйым салынған. Заңға сүйенсек, ұлттық парк аумақтарында аң аулау фактісі анықталса, 6 000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 3-6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады екен. Заң қатал. 6 000 АЕК дегенді есептей беріңіз. Сондықтан да қару асынған аңшылар қорғауға алынған аймақтарға кірмейді.
– Тарбағатай мемлекеттік ұлттық паркі құрылғалы аң саны көбейгені рас. Шынын айтқанда, бұрын-соңды көзге түспеген аң-құстарымызды да түгендеп жатырмыз. Көктем мен күзде әзірленіп, санаққа шығамыз. Мысалы, наурыздың ортасында ұшып келген дуадақтардың 50-100 шақтысын далалы жерлерде кездестіруге болады, – дейді Тарбағатай паркінің аңшы-биолог маманы Елена Красон.
Жануарлар дүниесін зерттеп жүрген аңшы-биологтың айтуынша, дуадақтың ұшуы қиын екен. Салмағы 16 кг болған соң аспанға көтерілуі оңай емес көрінеді. Оны кейбір деректерде азиялық түйеқұс деп те атайды. Шөлге шыдамды дегенімен, үнемі таза суды қажетсінеді. Тері бездерінің болмауына байланысты ыстыққа да шыдамайтын көрінеді. Алайда ауыл шаруашылығының дамуына байланысты далалы жерге жұмыртқа салатын құстардың ауқымы азайыпты. Трактордың табанына ұялары тапталса, егістіктерге шашатын химиялық заттар құстарды да улайтын көрінеді. Бұл мәселе бүгін-ертең шешіле қоймайды. Келешекте де шешімін табуы екіталай.
Өз ісінің әккі маманы Елена Красон әріптестерімен бірге аң санаққа жыл сайын шығып, аң-құстардың мекеніне дейін зерттеу жүргізеді. Көзге түскенін суретке түсіріп, архивке жинақтап қояды. Сонау шекара шебіндегі Қарабас тауын аралап, арқарларға дейін фотоға тартып жүргендердің бірі осы – Елена Красон.
Қорықшылардың байқауынша, Қарабастағы арқарлардың көбі көктем шыға Тарбағатай тауының биігіне қарай ойысады. Бірақ соңғы жылдары тұрақтап қалатын арқарлардың саны көбейіп келе жатыр. Оны қорықшылар қорғаудың күшейтілгенімен байланыстырады. Демек бұрынғыдай осы аумақта арқар аулайтын аңшылар аттап баспайды. Айтқандай, заңның қатаң екенін біледі. Заңнан бұрын табиғатқа деген жанашырлық сезімдері де бар шығар, кім білсін.
Қорықшылар ұсынған деректерге қарасақ, көктемгі санақ бойынша Тарбағатай қорығы аумағындағы арқарлардың саны 300-ге таяған. Рас, таудың оңтүстік беткейлерінде қозықасын ерткен арқарларды қарусыз көзбен-ақ көруге болады. Шың биігінен мойын соза жан-жағын барлап тұратын құлжаларын да жиі кездестіресіз.
– Тарбағатай қорығында аң санақ аяқталды. Енді құстарды санау жұмыстары басталады. Күзде жылы жаққа ұшып кеткен құстар ерте көктемде жұмыртқа басуға қайта оралады. Жазда балапандары қара қанаттанып, қайта ұшып кетеді. Кейбір құстар жолай демалу үшін де аялдайды. Оның бәрін бақылап жүреміз, – дейді Е.Красон.
Тарбағатай аумағындағы өзен-көлдерде көбінесе қаз, бізқұйрық үйрек, аққу, дуадақ, тырна және торғайлардың түр-түрі кездеседі. Көшпелі құстар ақпанның соңында ұшып келіп, сәуірде жұмыртқа сала бастайды. Құстардың санағы да осы кезде жүргізіледі. Ойлап отырсақ, табиғаты әсемсал өңірде ұлттық табиғи парктің құрылғаны өте-мөте дұрыс шешім болған. 2018 жылдан бері Тарбағатай қорығында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Табиғатқа шынайы жанашырлық танытатын мамандар тартылды. Бір сөзбен айтсақ, Тарбағатай тауының күнгей жағы аң-құсы шулаған, балығы тулаған өңір. Айтпақшы, дәл осындай аң-құстарды санау жұмыстары Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында да жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы