Павлодарда киік көп деген әңгіме көпшілікке таңсық болуы мүмкін. Шынымен де, басқа өңірлерден ауып келмесе, жиі көзге көрінбейтін жануар ғой. Қайбір жылы павлодарлықтар Семей жақтан адасып келген түйені тірідей көруге асығып, алыс-жақыннан арбалап еді. Есектің өзін көрсе, мәре-сәре күй кешетіні рас. Қазір киікті жолықтырса, таңғалмайтын болған. Жануарды облыстың барлық аумағында кездестіре алмайсыз. Ақсу қаласының ауылдық аймағын, Баянауыл және Май аудандарын мекен етеді.
Бұл жануарды қазақ ақбөкен деп те атайды. Оған Сәкен Сейфуллиннің «Киікті қазақ және дейді бөкен, бетпақты байғұс бөкен қылған мекен», деп жырлағаны дәлел. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, өңірде 15 сәуірден бастап бір айға созылатын «Ақбөкен» акциясы бастау алған.
«Шараның мақсаты – ақбөкен популяциясын сақтап, браконьерлікпен күрес бойынша жұмысты күшейту. Киікті заңсыз аулағандарға жаза қатал. Жануардың еркегін атқаны үшін 500 АЕК, ал аналық киік пен төлін аулағаны үшін 350 АЕК көлеміндегі айыппұл арқалауы мүмкін», дейді Р.Төлепбаев.
Акцияға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром» кәсіпорнының инспекторлық құрамы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылған.
Естеріңізге салсақ, биыл қаңтар айында Баянауыл ауданында елік пен сілеусінге заңсыз аңшылық жасаған бір факт тіркелген-ді. Қазіргі таңда аталған фактіге қатысты тергеу жүргізілуде. Осы орайда бақылау жұмыстарын күшейту артық етпес.
Бақылау демекші, облыста 2017 жылдан бастап «Охотзоопром» мекемесіне қарасты Баянауыл тірек бекетінің инспекторлары жануарларды қорғау бойынша маңызды миссияны мүлтіксіз атқарып келеді. Нәтижесінде, өңірде арқарлардың саны да артуда. Соңғы жылдары бірді-екілі оқиға болмаса, аймағымызда заң бұзушылар жоқтың қасы. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2023 жылға дейін ғылыми мақсаттардан басқа киіктерді атуға тыйым салу туралы бұйрығы шығып, мораторий енгізілгені белгілі. Киіктерді заңсыз аулау үшін жауапкершілікті күшейту мақсатындағы шара да оң нәтижесін беріп отырғанын атап өткен жөн.
Павлодар облысы