Қазақстан • 18 Сәуір, 2022

Елдің әлеуетін әйгілеген көрме

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екі апта бұрын дүниежүзілік EXPO 2020 DUBAI көрмесі аяқталды. Жарты жыл бойы дүние дидарын өзіне аударған көрме пандемия уақытында ұйымдастырылған ауқымды шара ретінде тарихқа енді. Оның Қазақстан үшін жемісті болғанын да айрықша атап өту керек. Ұлттық павильонымыз келелі кездесулер мен маңызды оқиғалардың алаңына айналды. Көрме елге инвестор, турист тарту тұрғысынан да табысты болды.

Елдің әлеуетін әйгілеген көрме

Дүниежүзілік EXPO 2020 DUBAI көрмесінің тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалып­тастыру». Таяу Шығыста алғаш рет ұйымдастырылған көрме 2021 жылдың 1 қазанынан 2022 жылдың 31 наурызына дейін жұмыс істеді. Оған 192 мемлекет пен 30 халықаралық ұйым қатысты. 24 млн-нан астам адам көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

EXPO 2020 DUBAI ұйымдастыру комитеті хабарлағандай, Қазақстанның ұлттық павильоны көрмедегі ең танымал үздік 10 павильонның қатарына енді. Оны 1,6 млн-нан астам адам мен 1 мыңнан астам ресми делегация тамашалады.

Біздің павильонды ең алғаш болып Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-министрі Мұхаммед ибн Рашид әл-Мактум мен Дубайдың мұрагер ханзадасы Хамдан ибн Мұхаммед Әл Мактум аралап, оң бағасын берді. Мәртебелі меймандар көрменің алғашқы күнінде Қазақстанмен қатар Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ пен Қытай сынды алпауыт елдердің ұлттық павильонына бас сұқты.

EXPO 2020 DUBAI қорытындысы бойынша Қазақстан павильоны Халықаралық көрмелер бюросының «Тақырыпты ашу» бас номинациясы бойынша күміс жүлдеге ие болды. 192 мемлекеттің ішінен Германия (бірінші орын) және Италия (үшінші орын) елдерімен бірге үздік үштікке енген Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесі кезекті рет асқақтады.

Сонымен қатар Қазақстан америкалық Exhibitor Magazine журналының нұсқасы бойынша «Үздік тұсаукесер» номинациясында бірінші орынды және «Үздік павильон» номинациясында үшінші орынды иеленді.

Көрме уақытында біздің павильонда 51 іс-шара ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша 16 келісім мен меморандум жасалды. Республика өңірлері өздерінің әлеуметтік-эконо­ми­калық және мәдени-туристік мүмкін­дік­терін таныстыруға белсенді қатысты.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Қазақстанның туризм күндерін» ұйымдастырды. Ал QazTrade компаниясы елдің экспорттық әлеуетін паш етті. Осы орайда азық-түлік, ауыл шаруашылығы және халал өнімдердің сертификатын тану туралы келісім жасалды. Ол отандық өнімдерді Біріккен Араб Әмірліктері нарығына жеткізуге жол ашады.

Қазақстанның көрмедегі ұлттық күні аясында сауда-инвестициялық форум ұйымдастырылды. Оған Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруи, осы елдің мемлекеттік министрі Ахмед Әли әл-Саех қатысты.

– Дүниежүзілік EXPO 2020 DUBAI көрмесіне қатысу Қазақстанға экономикалық тұрғыдан тиімді болғаны даусыз. Сондай-ақ біздің ел жаһан жұртшылығына бизнесті, ғылымды, туризмді және адами ресурстарды дамытуда зор мүмкіндіктерге ие екенін танытты, халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсті. Павильонда ел экономикасының түрлі саласы, оның ішінде инвестициялық, туристік, өнеркәсіптік, көлік-логистикалық және аграрлық әлеуеті, сондай-ақ тарихи және мәдени мұрасы барынша паш етілді, – дейді QazExpoCongress ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісов.

Көрме ғылым, білім, мәдениет және өнер саласында тәжірибе алмасу тұрғысынан да бірегей алаң болғанын атап өткен дұрыс. Біздің ғалымдар мен отандық жоғары оқу орындарының өкілдері жасанды интеллект пен білімнің өзара байланысын, саладағы ағымдық үрдістер мен әзірлемелерді, басқа да маңызды тақырыптарды талқылады. Отандық инновациялық білім беру саласының стартап жобалары ұсынылды.

Көрмеге келушілер біздің павильонда Гиннестің рекордтар кітабына енген Жер планетасының прототипі «Ғалам суреті» арт-жобасын тамашалады. Павильонның мәдени бағдарламасы аясында Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы, Мария Мудряк, Димаш Құдайберген сынды өнер майталмандары, Дінзухра Тілендиева жетекшілік ететін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Дубай аспанын ән-жырға бөледі.

Қазақстанның ұлттық тағамдар мейрамханасы келушілерді ерекше тәнтті етті. Этностық музыкалық ұжымдардың орындауындағы ашық алаңдағы күнделікті қойылымдар айрықша атмосфера сыйлады.

QazExpoCongress ұлттық компаниясы мен EXPO 2020 DUBAI ұйымдастыру комитеті арасындағы келісімге сәйкес EXPO 2017 ASTANA нысандарын көрмеден кейін пайдаланудағы Қазақстанның тәжірибесі назарға алынды. Біздің елдегі тәжірибе көрсеткендей, көрме нысандары жаңа экожүйеге айналды және олар өзін-өзі ақтап жатыр. Сондықтан EXPO 2020 DUBAI ұйымдастырушылары да Қазақстан тәжірибесіне сүйеніп, көрме аумағын жаңа District 2020 іскерлік орталығына айналдырмақ. Бұл ретте көрменің ұйымдастыру комитеті бірқатар елге, оның ішінде Қазақстанға өз павильондарын сақтауды ұсынды. Мұндай шешімді қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Үндістан, Аустрия, Люксембург секілді елдер құп көріп отыр.

IT-саладағы әлемдік ірі компаниялар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ENOC, Emirates, DP World сияқты алпауыттары жаңа іскерлік орталықтың аумағында өз кеңселерін ашатын болды.

Қазақстан да өз павильонын еліміздің экспорттық-инвестициялық әлеуетін одан әрі ілгерілету жолында тиімді пайдалануды жоспарлап отыр.

Енді дүниежүзілік көрмені 2025 жылы Жапонияның Осака қаласы өткізеді.