Қанды қақтығысқа ұласқан жаппай ереуіл ең алдымен ел бірлігіне сына қақты. Тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтірді. Салдарынан күштік құрылымдарды қайта қалыптастыру, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған теріс пиғылды топтарды дереу жазаға тарту, азаматтық қоғам мен құзырлы органдардың ынтымақтастығын орнату шаралары мезгіл мәселесіне айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында жан-жақты баяндап, кеңінен түсіндірді.
Президент жаңа сипаттағы саяси өзгерістердің қарқынын үдетіп, еліміздегі орныққан саяси жүйені кешенді жаңғырту арқылы қоғамдағы жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашатынын, халыққа көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нақты нәтиже мен оң өзгеріс ұсынатынын мәлімдеді. Бұған қоса саяси даму моделімізді жаңа жаһандық ахуалға бейімдеу үшін суперпрезиденттік басқаруды тарих еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін президенттік басқару жүйесіне өтетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев саясаттағы монополия дағдарыс пен әлеуметтік кеселге душар ететінін айтып, барлық өкілеттіктің бір қолға шоғырлануы көпполюсті партиялық жүйенің қалыптасуына мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет ететінін жариялады.
Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін қағазбастылықтан арылтуға бағытталған арнайы Жарлығы жедел саяси шешім қабылдауға, тиімді әрі нәтижелі мемлекеттік басқару жүйесіне көшуге жол ашпақ. Ал Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитетінің, Конституциялық Кеңес төрағаларының, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды тіркеу талабының жеңілдетілуі сынды бастамалары саяси бәсекелестіктің көрігін қыздыратыны сөзсіз.
Президенттің бастамасымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың сайлау кезіндегі белсенділігін арттырып, сайланбалы органдарға өзін өзі ұсынуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың институционалды моделін қалыптастырып, халық пен билік арасында алтын көпірге айналады.
Президенттің биылғы Жолдауын халқымыз үлкен үмітпен күтті, жаңа Жолдауда халықтың мұң-мұқтажы естіліп, талап-тілегі ескерілді. Ендігі мақсат – бүкіл ел болып жұмылып, Жолдауда көтерілген игі бастамаларды іске асыру.
Қазақстан халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы ел Президентінің Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында халықпен кездесу ұйымдастырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласындағы өзекті мәселелерді сұхбат алаңдарында жиі талқылайды. Соның ішінде өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруа қожалықтарының ахуалына мониторинг жасау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сайлау жүйесіндегі жаңғырту үдерістеріне жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету секілді өзекті тақырыптарды күн тәртібіне қояды. Жұмыспен қамту, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ғылымды дамыту, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру, сот-құқықтық реформаны жетілдіру және мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне де ерекше басымдық береді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз кіріссек, Президент жүктеген тапсырмалардың орындалатыны сөзсіз.
Роза МАХАМБЕТОВА,
Қазақстан халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы