Әрине, 2021 жылы Президенттің «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы мемлекетіміз, саясатымыз үшін өте маңызды. Бұл гуманизмге жасалған соны қадам деп айтсақ та қателеспейміз.
Жарлықты халықаралық қауымдастық жақсы қабылдады. Құжатқа көптеген өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, діни заңнаманы ырықтандыру, өлім жазасын алып тастау, әйелдерге қатысты саясат, құқық қорғау және сот жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ мүгедектерге қатысты саясат пен адам саудасына жол бермеу саласында жасалған жұмыстар жоғары бағаланды.
Сондай-ақ мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында заң жобалары әзірленді. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау көзделіп отыр. Азаматтық бастамаларды қолдауды кеңейту бөлігінде коммерциялық емес ұйымдардың қызметін гранттық қаржыландыру механизмі қайта құрылмақ.
Бұдан бөлек, сотталғандар мен қамауға алынған адамдарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беру көзделіп отыр. Бұл шешімді де мемлекеттік саясаттағы гуманистік көзқарастың белгісі деп санасақ болады. Халықаралық аренада мұндай әрекетті жоғары бағалайтыны белгілі.
Сонымен қатар Жарлыққа сәйкес, Үкіметке адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды. Мұның қатарында әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету секілді мәселелер бар. Әйел құқығы кейінгі кезде қоғамда өзекті болып тұрғаны белгілі. Сондықтан жаңа құжат осы саладағы кемшіліктерді жоюға бағытталған.
Бірлестіктер бостандығы құқығы, мүгедектерге қатысты адам құқықтары, қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары да құжатта нақты көрсетілді. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырған, тергеу изоляторына түскен көптеген азамат азаптауға ұшырағанын естідік. Құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты көптеген арыз-шағым түсті. Мемлекет басшысының Жарлығында осы мәселелер де қамтылған.
Адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары да басым бағыттардың бірі. Сондай-ақ БҰҰ органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру де маңызға ие. Былайша айтқанда, халықаралық ұйыммен тығыз жұмыс істеу көзделіп отыр.
Бұл құжат еліміздің, мемлекеттік саясаттың дамуына, адам құқықтарының бұзылмауына және оның әлемдік деңгейде қорғалуына үлес қосатыны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы еліміздегі адам құқықтарын қорғау саласындағы көптеген мәселелерді шешіп, елімізде адам құқықтарының өркендеуіне бастайтынына сенімдімін.
Абзал БЕКБОСЫНОВ,
Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар алқасының адвокаты,
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі