Қазақстан • 19 Сәуір, 2022

Сауд Арабиясы Қазақстанда өтетін съезге шақырылды

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан елшісі Берік Арын Сауд Арабиясы  Сыртқы істер министрінің орынбасары Уалид әл-Хурейджимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сауд Арабиясы Қазақстанда өтетін съезге шақырылды

Кездесу барысында елші Қос Киенің Сақшысы Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың атына жолдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың күзінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне және АӨСШК-нің 6-шы Саммитіне шақыруларын табыс етті.

Қазақстандық дипломат көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы еліміздің тәжірибесі туралы баяндап, Сауд Арабиясының съезд идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның АӨСШК-тегі төрағалығы шеңберінде атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде және Азияда бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған осы диалог алаңының өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі туралы ақпаратты жеткізді.

Осы ретте Б. Арын АӨСШК Саммитіне мәртебелі қонақтар ретінде алғаш рет шақырылған Корольдік өкілдерінің қатысуы ынтымақтастық географиясын және көпжақты өзара іс-қимыл форматын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

Сонымен қатар тараптар екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі бірқатар мәселені қарастырып, өзара қызығушылық тудыратын халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы достық қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.

Соңғы жаңалықтар