«Кадр даярлау бойынша ең басты мәселе – берілген білімнің нарық талабына сәйкес болуы. Оның басты шарты - академиялық дербестік. Нарық талаптары тез өзгеріп отырады, сондықтан жүйе ескіріп, білім беру бағдарламалары сәйкес келмей жатады. Жаңа мамандық ашу үшін 1-2 жыл кетеді. Енді университеттерге академиялық дербестік беріліп, олар білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға сәйкес әзірлейді. Яғни, енді мемлекет емес, оқу орны жұмыс берушілермен бірлесе отырып, оқу бағдарламаларын реттеуге мүмкіндік алды», деді Білім министрі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ендігі мәселе – нарыққа қандай дағдылар қажеттігін анықтайтын кәсіби стандарттардың жоқтығы.
Колледждерге де академиялық дербестік беріліп жатыр. Бұған дейін студенттер 2-4 жылға дейін ұзақ оқитын, жұмыс берушінің талаптары ескерілмей, мектепте оқыған пәндер қайталанып, нәтижесінде бір ғана біліктілік игерілетін. Енді колледждер оқыту бағдарламасын дербес әзірлеп, оқу мерзімдерін өздері айқындай алады, ал түлектер үш біліктілікті бірдей игере алады.
«Ескірген мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Мысалы 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылып, тиісінше 60-қа жуық бұрын-соңды оқытылмаған мамандықтар ашылған. Сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астам бағдарлама жаңартылды. Бұрын болмаған жасанды интеллект, IT-медицина, цифрлық заңгер сияқты 269 жаңа бағдарлама енгізілді. Бұлар «Жаңа болашақ мамандықтар атласына» сәйкес ашылып отыр», деді Асхат Аймағамбетов.