09 Сәуір, 2014

Жұлдыз боп аққан бір ғұмыр

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
И.Ф. ПавловКеңес Одағының екі мәрте Батыры Иван Павлов – өмірден найзағайдай ағып өткен тұлға. Қостанайдың тумасы ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылғанда бар-жоғы 18-де ғана болатын. 28 жасқа толар-толмас жасында ауа райы­ның қолайсыз кезі – түнгі ұшу жаттығуында қаза тапты. Сөйтіп, замандастарының Иван Фомичтен талантты авиа­тор және әскери қолбасшы шығады деген үміті үзілді... Оның есімі қостанайлық­­тардың жадынан шыққан емес. Атақты ұшқыш қаза тапқанда оны Украина жерінен Қостанайға, туған жеріне әкеліп жерледі. Қазір Иван Фомич Павловтың бейіті қаланың ортасындағы Жеңіс саябағында жатыр. Қос­танай қалалық әкімдігінің алдында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, атақты ұшқыштың ескерт­кіші орнатылған. Елінің ерлікке тағзымы осындай. Жасын­дай жалындап өткен батыр есімі еліне, жас ұрпаққа әлі де қызмет етіп келеді. Өйткені, оның жанқиярлық істері патриотизмнің нағыз үлгісі болатын. Иван 7-сыныптан кейін Маг­нитогорскідегі индустрия техникумына түскенде, сол жер­дегі аэроклубқа қатысады. 1940 жылы қалалық комсомол комитетінің жолдамасымен Орынбор облысының Чкалов қаласындағы авиациялық училищеге жіберіледі. Сол жерде ол әскер қатарына шақырылады. Ал ұшқыш сержанттың ерлік дастаны Калинин майданындағы 6-шабуылдаушы авиация полкінде бас­талады. Соғыс басталған соң үш айдан кейін-ақ Иванның ұшағы жаудың ондаған адамдарын, техникасын жер жастандырған болатын. Осы ерлігі үшін 19 жасар жігіт жауынгерлік Қызыл Ту орденін кеудесіне тағады. Жас қыран жаумен болған әр шайқаста асқан ерлік көрсе­тіп отырды. Ол эскадрилья ко­ман­дирлігіне көтерілді. Иван Пав­ловтың 1944 жылы 15 тамызда жасаған ерлігін бөле-жара айтқан орынды. Сол күні ол өзі басқаратын эскадрильясымен әскери тапсырма алып ұшып шығады. Латвияның Баус­ка қаласының солтүстігіне қарай олардың алдынан кенеттен фашистердің 12 ФЕ-190 және 8 МЕ-109 ұшағы қарсы шы­ғады. Тек жан алысып, жан берісіп шайқасу керек, жеңілуге болмайды. Аэродромнан оған шабуылдың аса қауіпті екені ескертіледі. «Білемін», дейді Иван Фомич. Оның көз алдына жау ұшағын құртудан басқа ештеңе елестеген жоқ. Өз темір қанат машинасын оларға қарай кілт бұрып, қырандай шүйілді. Оның артынан өзінің серіктері де ерді. Мүмкін сол кезде Иван Павлов ұшағын басқа жаққа бұрғанда да болатын еді. Бірақ ол қорқуды білмейтін. Әскери басшыларының айтуынша, батырдың қауіп дегенді білген, қорыққан кезі болмапты. Эскадрилья жаудың 4 ұшағын құлатты, оның бірін командирі Иван Павловтың өзі атып түсірді. Одан кейін жаудың 5 маши­насының көзін жойды. Ол Витебск-Полоцк операция­сы кезінде тағы да өзінің эскадрильясымен Дрисс өзеніндегі өткелді көздеп, дәл бомбалады. Бұл жаудың жолын кесу еді. Сол жолы Иван Павловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Майдан кезінде қостанай­­лық­тар, әсіресе, Иванның туған Борис-Романовка ауылында құрылған «Красная оборона» колхозынан өз батыр жерлесіне ұшақ сатып алуы үшін 500 мың сом ақша жинады. Бұл қаржыға майданға бір емес, 4 ұшақ сатып алынды. Оның қанатына «Павловқа –қостанайлық жерлестерінен» деп жазылды. Бұл жас батырға одан сайын жігер, құлшыныс тудырды. Соғыс жылдары Иван Фо­мич 250 рет көкке көтеріліп, жауынгерлік тапсырмалар орындады. Жап-жас жігіт қатардағы ұшқыштан полк командирінің көмекшісі деңгейіне дейін өсті. Риганы азат ету кезіндегі кескілескен ұрыста танк шабуы­лына қарсы авиаполк тұтастай әуеге көтерілді. Оны 22 жастағы капитан Иван Павлов басқарды. Ешқандай қатесіз, біліктілікпен басқарудың арқасында жаудың 21 танкісі отқа оранды. Ал 1945 жылы ақпанда әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны және ерлік істері үшін Иван Павловқа екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Қызыл алаңдағы атақты Жеңіс парадына қатысты. Со­ғыстан кейін әскери қызметте қалды. Білімін көтеру үшін Фрунзе атындағы әскери академияға түсті. Оны аяқтағаннан кейін Прикарпатье әскери округіндегі авиаполкті басқарды. Сонда батыр жерлесіміз 27 жаста ғана еді. Келесі жылы, яғни 1950 жылы түнгі жаттығу сабағы кезінде қаза тапты. Ол туған жері Қостанайды жақсы көрді. Демалыс кезін­де осында келіп, мектеп оқушы­ла­рымен, жастармен кездесіп тұрды. – Тарихта құйрықты жұл­дыз­дай ағып өтетін тұлғалар болған. Иван Павлов сондай найзағай жасыны еді. Батыр өте көркем, сүйкімді, ақылды жігіт болған. Замандастары арасында сыйлы болыпты. Қостанайға келген сапарын аға буын өкілдері ылғи аузынан тастамай айтып отырады екен. Бір келгеннің өзінде жастардың, оқушылардың, жалпы, кездескен жұрттың көңілінде соншалықты жылы әсер қалдырыпты, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Галина Саталкина. Галина Алексеевна бізге стендте Иван Фомич Павловпен бірге тұрған сұлу бойжеткеннің суретін көрсетті. – 28 жастағы Иван мен жасөрім Тамара енді отау құрамыз деп жүрген. Бір әскери тапсырмада батыр ұшақты сынау үшін түнде ұшып, қаза табады, – дейді Галина Алексеевна. – Сөйтіп, қаһарман жерлесіміз қалыңдығының ғана емес, жас ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке осындай жап-жас бейнесінде қалып қойды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.