Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша биылғы жылдың 7 сәуірі мен 7 мамыры аралығында Астана қаласының аумағын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру мақсатында көктемгі экологиялық айлығын өткізу жоспарлануда. 19 сәуірде «Біз – таза қалада тұрамыз!» атты ұранмен жалпықалалық сенбілік өтеді.
Сенбілікке шамамен 100 мыңнан астам астаналық қатысады деп күтілуде. Экологиялық айлық күндерінде қала аумағын санитарлық тазалықтан өткізу көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын, аулалар мен гүлзарларды тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арналарын күл-қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазалау, арықтардағы кәріз жүйесін тазарту жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Сонымен қатар, гүлзар мен бақтардағы жасыл көшеттерді күтуде маусымдық агротехникалық жұмыстар, көгалдар мен гүлзарлар аумағын түзеу шаралары жүзеге асырылады. Қала орталығындағы алаңдарды, балалар ойнайтын аулаларды қыстан қалған жапырақ шірінділерінен тазарту және көгалдарды құнарландыру шаралары атқарылады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, 19 сәуірде дәстүрлі жалпықалалық сенбілік өтеді. Оған 8500 кәсіорын мен ұйымдар, 170 оқу орындары, қаладағы 360 пәтер иелерінің кооперативтері жұмылдырылып, 93 мыңнан астам адам және 450 техника қатысады. Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, қалалық Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биылғы сенбілікте 2700 ағаш және көшет отырғызуды жоспарлап отыр. «Алматы» ауданында – 1000 ағаш (Қалдаяқов және 46 көшелерінде), «Есіл» ауданында – 1 500 ағаш (Жәнібек және Керей хан, Тұран даңғылы мен Еңбекшілер көшесіне дейін), «Сарыарқа» ауданында – 200 көшет (Тілендиев көшесінде) отырғызылмақ. Қала әкімдігі барлық астаналықтарды туған қаламызды гүлдендіру мақсатындағы санитарлық тазалық айлығына қатысып, сенбілік күндері бір кісідей ұйымшылдық көрсетуге шақырады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».