Қоғам • 19 Сәуір, 2022

Алматыда Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйінің жаңа экспозициясы таныстырылды

598 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйі күрделі жөндеуден өтті. Реэкспозиция жазушының 120 жылдығы қарсаңында іске асты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйінің жаңа экспозициясы таныстырылды

Жаңарған мұражай-үйдің ашылу рәсіміне қала әкімі Ерболат Досаев қатысты, оған алғашқылардың бірі болып жазушының қыздары – Гүлнар мен Гаухар Мүсіреповалар келді.

«Күрделі жөндеуден, модернизациядан және реэкспозициядан кейін Ғабит Мүсірепов мұражайы еліміздегі алғашқы заманауи мультимедиялық әдеби орталыққа айналады. Реконструкция және реэкспозиция бойынша жүргізілген кешенді жұмыс жыл сайын мұражайға келушілер санын екі есеге – 22 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда», деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мұражайды жаңарту жұмыстарына музей және архив ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, суретшілер, бейнеинженерлер және т.б. тартылды. Жаңартылған мұражайдың жобасы жазушының туыстарымен келісілді, жобаның тұжырымдамасы мен эскизін Алматы қаласының Мәдениет басқармасы бекітті.

Еске салсақ, Ғабит Мүсіреповтің соңғы 18 жыл тұрған пәтері 1991 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінің бір бөлігі ретінде мұражайға айналған. 1999 жылдан бастап нысан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені болып қайта құрылды. 2015 жылдан бастап мұражай «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамында.

Ғ.Мүсірепов мұражай-үйінің алаңы 114,6 шаршы метрді құрайды. 2 мемориалдық бөлме, 1 әдеби зал бар. Мемориалдық бөлмедегі заттар (жазу үстелі, кітапхана, жеке тұтыну заттары, сыйлық заттары және т.б.) бұрынғы күйінде сақталған.

Аяна Тоғанбек