Орал қаласында бірнеше айлап жалақыларын алуға зар болып жүрген зауыт қызметкерлері әділдік іздеп сотқа жүгінген еді. Сот тиісті шешім шығарған болатын. Бірақ, шектен шыққан «Судоремонтный завод» ЖШС-нің басшылығы әлгі сот шешімін орындаудан бас тартты. Тіпті сот орындаушысының борышкерге сот шешімін өз еркімен орындау жөніндегі бірнеше рет жолдаған ескерту хабарламасына да құлақ аспады. Осылайша «Судоремонтный завод» ЖШС-нің басшылығы жүгенсіз кетті.
Содан амал жоқ, сот орындаушысы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының талаптарына сәйкес борышкердің есеп шоттарына инкассалық өкім қойып, жылжымайтын мүліктеріне тыйым салды. Сөйтіп еді, лезде әлгі зауыт басшылығы ұйқыларынан оянғандай болды. Артынша қарапайым еңбек адамдарының талап-тілегі де орындалды. Сот орындаушысының дәрмені арқасында борышкер кәсіпорыннан 3 018 808 теңге толығымен өндіріліп алынды. Енді қазіргі уақытта заңға сәйкес жауапкер мекемеден мемлекет пайдасына атқарушылық санкция өндіру туралы әрекет те қарастырылуда.
Фатихолла МАШТАХОВ,
Батыс Қазақстан облысы
Сот актілерін орындау
департаментінің баспасөз хатшысы.