«Өшпес-тозбас ескерткішін өз өнерімен, өлмес әндерімен сомдап кеткен, халқымен қапталдаса жасай беретін» (Мұзафар Әлімбаев) Естай Беркімбайұлы өзінің «Қоштасу» атты өлеңінде:
... Арманның ең ауыры бала жоғы,
Өзекті өртеп жатыр қайғы шоғы... – деп шерге батады. Демек көпшіліктің «Естайдан ұрпақ қалмаған екен ғой» деп тұжырым жасауы орынды. Бірақ шын мәнінде, олай емес. Құдайға шүкір, Естайдан ұрпақ жалғасты. Оның Зекен және Зейніш (Сарыторғай) есімді немерелері ортамызда жүр. Олардан тараған ұрпақ та бір қауым елге айналған. Сондықтан көпшіліктің көкейіндегі көп сауалға нақты жауап болсын деген ниетпен осы бір шағын дүниені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Естай Беркімбайұлы туғаннан өмірінің соңына дейін Ақкөл-Жайылмада тұрды. Ақкөл-Жайылма дегеніміз – қазіргі Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының аралығындағы үлкен алқап. Әнші елді жайлаған ашаршылық жылдары жан сауғалап, Омбы жақты бірнеше жыл мекендеп келгені бар.
Естай екі рет үйленген. Алғашқы жары – Ұмсынған. Одан Жанәбіл және Жәкөш есімді екі ұл, Күләй және Кәнтай есімді екі қыз туады. Ұмсынған ауырып қайтыс болған. Қаламгер Рамазан Тоқтаровтың жазуынша, Естай алғашқы әйеліне жақын туысы Төлебай қажының айтуымен үйленген. Ұмсынған Ақкөл-Жайылмадағы Шонты есімді адамның қызы екен. Әншінің немересі Сарыторғай апаның айтуынша, Естайдың бірінші әйелі жуас болғанға ұқсайды. Себебі ол туралы өнер иесінің «Сұрасаң біздің әйел бостың босы...» деп шығарған өлеңі бар.
Әншінің екінші әйелі – Зағиша. Оны әмеңгерлік жолмен алған. Зағиша – Естайдың жеңгесі, Төлебай қажының келіні. Қажының Мұқатай есімді ұлы ауыр дерттен көз жұмады да, Естай сұлу да сымбатты жеңгесімен бас құрайды. Зағишадан ұрпақ өрбіген жоқ. Дегенмен Мұқатайдан Ермек есімді бір ұл қалған. Бірақ ол шешесі Зағишаның емес, атасы Төлеубай қажының қолында өсіпті. Негізі ағайын-туыс Естай мен Зағишаның қосылуына қарсы болған.
Әншінің немере інісі Қыздарбек Әміреновтің естелігінде Зағишаның ерекше сұлу болғаны айтылған. Олардың татулығы мен сыйластығы да көпті сүйсіндірген екен. Естай 1946 жылдың 15 наурызында қайтыс болады да, Зағиша одан бірнеше күн бұрын көз жұмыпты. Хал үстінде жатқан әнші Зағишаның қайтыс болғанын естімеген.
Естайдың кенже ұлы Жәкөш аштық жылдары Ақкөл мен Омбының арасында жүріп мерт болған. Әнші осы ұлынан үлкен үміт күтіпті. Үлкен ұлы Жанәбілден екі қыз қалды. Олар – жоғарыда біз атаған Зекен мен Зейніш. 1942 жылдың наурызында Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған Жанәбіл 1943 жылдың ақпанында хабарсыз кеткен. Әншінің қыздары Күләй мен Кәнтай бертін қайтыс болды. Олардан тараған ұрпақ бар.
Естайдың «Қоштасу» өлеңі Жанәбілден «қара қағаз» алғаннан кейін қара жамылып, қайғы қажытып жүрген шағында жазылған. Оның «Арманның ең ауыры бала жоғы» деп күңіренетіні сондықтан. Әулеттің шежіресін жалғар ер баланың жоқтығына қайғырғаны да түсінікті. Десе де, Естайдың соңында қалған қос немересі Зекен мен Зейніш ата абыройын аласартқан емес.
93 жастағы Зекен апамыз Ақкөл-Жайылмада тұрады. Жеті құрсақ көтерген. Сексеннің бел ортасындағы Зейніш апамыз Ертіс ауданының Қосағаш ауылында тұрып жатыр. Сегіз баланың анасы. Зейнішті көпшілік Сарыторғай апа деп таниды. Оған бұл есімді Естайдың өзі берген.
– Әкемнің түр-түсі есімде жоқ, соғысқа кеткеннен оралмапты. Әкей қаза тапқаннан кейін көп ұзамай анамыз Несібелді де өмірден өтіпті. Зекен екеуіміз Естай атам мен Зағиша әжеміздің тәрбиесінде болдық. Атам мені ұл болады деп дәмеленіпті. Үміті ақталмағаннан кейін алғашында маған ұмтыла қоймапты. Бесікте уілдеп жатады екем. Бірде, тілім шығып қалған кез болу керек, қасымнан өтіп бара жатқан атамның шапанының етегінен ұстап, айырылмай «Ата, ата» дей берсем керек. Сонда атам жақындап келіп, маңдайымнан сипап, «Ата» дейді, кішкене сары торғайым-ау, сары торғайым» деп елжіреп келіп, иіскепті. Содан «Сарыторғай» атанып кетіппін, – дейді асылдың сынығы.
Өкінішке қарай, аштық жылдары Беркімбай әулетінен тараған ұрпақтардың дені қырылып қалған. Қарттық қалжыратқан шағында кіл жетімге пана болып қалған Естай осыларды өсіріп, қатарға қоссам деп күн кешіпті. Бірақ өз баласындай қолында өскен немере інісі Қыздарбекті ғана аяқтандырып үлгерген әнші кіндігінен өрбіген немерелерінің қызығын көре алмады. Қыздарбек Естайдың ағасы Нұрмағамбеттің Әміре деген ұлынан туған.
Тектінің тұяғы Зекен мен Зейніш апалар өнерден кенде емес. Көкірегі даңғыл қос апа әнге де, әңгімеге де жүйрік. Өкінішке қарай, тұрмыс құрып, тіршілік қамыты мойынға түскен соң бойдағы өнерді одан әрі ұштай алмаған. Десе де, Естайдың екі немересінен тараған ұл-қыздар мен немере-жиендер өнерден алыстаған жоқ. Мәселен, Сарыторғай апаның кенже қызы Шәмшия Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Кенжекөл ауылындағы өнер мектебін басқарады. Ал Естайдың өз ұлындай болып кеткен Қыздарбектің жиеншары Темірлан Олжабай бүгінде елге танымал домбырашы.
Ақкөл-Жайылмада ертеден қалыптасқан әншілік мектеп бар. Бұл өлкеден Естайға дейін де, одан кейін де өнерпаз көп шыққан. Бүгінде өнер өлкесінде олжа салып жүрген ағайынды Ербол, Жанат және Қайрат Айтбаевтар, дүйім елге танымал дәстүрлі әншілер Медіғат Манапов, Амангелді Қожанов, Сұңғат Көпежановтар өздерін Естайдың ұрпағымыз деп есептейді. Шын мәнінде де солай. Ақкөл-Жайылмадан түлеп ұшқан дарындардың Естайға тікелей туыстығы, жақындығы бар. Ендеше баз біреулер айтып жүргендей Естай ұрпақсыз, ізбасарсыз емес, Аллаға шүкір!