Бағаны заңсыз қымбаттатқан «АтырауАгроСервис» ЖШС сақтандыру қорындағы ауылшаруашылық тауарларын жоғары бағамен сатыпты
Теңгенің айырбас бағамының өзгеруінен пайда табуға басқа емес, «АтырауАгроСервистің» барғаны қызық болып тұр. Олай дейтініміз, бұл кәсіпорын облыстағы сақтандыру қорындағы ауылшаруашылық тауарларын тұрақты бағамен сататын бірден-бір оператор. Соған қарамастан, ауылшаруашылық тауарларын жоғары бағамен сатып, ел-жұрттың қалтасын қағып келіпті. Бұл туралы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті хабарлап отыр.
Аталған департамент қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесе «АтырауАгроСервис» ЖШС-іне тексеру жүргізгенде сақтандыру қорындағы ауылшаруашылық тауарларын заңсыз жоғарылатылған бағамен сату фактісін анықтады. Осыған орай «АтырауАгроСервис» ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 307-бабындағы 1-бөлімімен (Қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғалды.
Айтпақшы, сақтандыру қорындағы ауылшаруашылық тауарларына тұрақты баға көтерілмейді деп өңір жұртшылығын сендірген жергілікті билік әзірге «АтырауАгроСервистің» бағаны заңсыз көтеру әрекетіне байланысты ұстанымын білдірген жоқ. «Бағаны заңсыз көтергендерге шара қолданылады» деген жергілікті биліктің ендігі әрекеті қалай болмақ?..
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.