Бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, қазіргі таңда тергеу органдары бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша 4 849 істі тергеп-тексеруде. Ал 627 адам сот санкциясымен күдікті ретінде қамауға алынған.
Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы жан-жақты мәлімет берген Е.Қилымжанов күзетпен ұсталған 280 адамның бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұлтартпау шараларын жеңілдету кезінде бұл адамдардың жеке басы, денсаулығы мен басқа да жағдайлары ескерілген.
Брифинг барысында Е.Қилымжанов жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен қаңтар оқиғасына қатысушыларды анықтау, оларды жауапқа тарту мақсатында тергеудің белсенді жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тергеу кезінде Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтардың мүлкі мен мемлекеттік ғимараттарды басып алып, қиратқандарға ақша төлеген екі күдікті анықталған. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қос «қаржыгер» әрбір қиратушыға 20-дан 100 долларға дейін ақша төлеген.
Тергеу барысында анықталған фактілердің тағы бірі – 4 қаңтарда Алматы қаласында «Телеграмм» канал ашқан Жамбыл облысының тұрғынына қатысты дерек. Ол санаулы сағатта желіде бірнеше мың адамның басын қосып, осы канал арқылы оларға баррикада құру, «Молотов» коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру туралы нұсқаулық таратып отырған. Ал 5-6 қаңтар күндері осы канал арқылы мародерлердің қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мемлекеттік объектілеріне жасаған шабуылдары туралы ақпарат тараған.
Жамбыл өңірінде «ГАЗель» жүк көлігімен жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға алдын ала дайындалған арматура, ұрланған полиция қалқандары мен оқ өткізбейтін кеудешелерін таратқан қос күдікті де ұсталған. Оның біреуі көлік жүргізушісі, екіншісі соның жақтасы болып шықты. Олар сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлерінің қозғалысын қиындату үшін көліктерін жолға кесе-көлденең қойып, көшені жауып тастамақ болған.
«Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін осындай заңсыздықтардың салдары қаңтар оқиғалары кезінде қайғылы аяқталып жатты. Ең өкініштісі, мұндай қылмыстар еліміздің өзге де өңірлерінде қайталанды. Мысалы, Алматы қаласында 4 күдікті әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындап, оларды қиратушылар орналасқан жерге жеткізу туралы нұсқаулар алған. Қазіргі уақытта бұл нұсқауды орларға кімдердің бергенін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», дейді Бас прокуратура өкілі. Е.Қилымжановтың сөзіне қарағанда, бұл мән-жайлар қаңтар оқиғасының алдын ала жоспарланып, үйлестірілгенін көрсетеді.
Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары брифингте Шымкент және Тараз қалаларындағы әкімдік ғимараттары мен Жамбыл облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратына жасалған қарулы шабуылдарға да кеңінен тоқталды. Естеріңізде болса, қаңтардың 6-на қараған түні Шымкент қалалық әкімдігіне қарулы шабуыл басталған еді. Сол күндері қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылған полиция қызметкерлері 3 мыңнан астам адам жиналған агрессивті топтың шабуылына тосқауыл қою керек болған. «Шабуылдаушылардың көбінің қолында атыс қаруы болған. Ал тәртіп сақшылары тек резеңкелі оқ пен жарық-шу гранаталарын пайдаланды. Қолға алынған шаралар қылмыскерлерге тосқауыл бола алмады. Тек үшінші қарулы шабуылдан кейін ғана, онда да полиция қызметкерлерінің өміріне нақты қауіп төнгеннен соң атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Осы қарулы қақтығыс кезінде 20 шабуылдаушы қаза тапты», деп мәлімдеді спикер. Ал Тараздағы полиция мен қарулы топтың текетіресі кезінде 11 қылмыскердің көзі жойылған. Медициналық зерттеулердің нәтижелері 9 шабуылдаушының мас күйінде, тағы 2-нің есірткі қолданғанын көрсетіп берген. Брифингте Е.Қилымжанов қаңтар оқиғасын тергеп-тексерудің жаңа фактілеріне де тоқталды. Оның мәлімдеуінше, террорлық шабуылдарға ұшыраған барлық қалада қайғылы оқиғалардың мән-жайлары қалпына келтіріліп, сауда орталықтары, банктер, мемлекеттік мекемелер және басқа да объектілердің бейнекамераларының жазбаларына талдау жүргізілуде. Осындай жұмыстардың арқасында Өскеменде полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, кейін сақшыларға арматурамен дене жарақатын салған екі қылмыскер қамауға алынған. Қаскөйлердің бұл қатыгездіктері «Халық Банк» филиалының камерасына түсіп қалған. Ал Шымкент қаласында қаңтар оқиғасы кезінде 3 полиция автокөлігін өртеп, тонауға қатысқан 3 тұрғын ұсталды.
«Қасіретті қаңтарды» тергеу ісінде ерекше мән беріліп отырған қылмыс санаты – ұрланған қару-жарақтарды анықтауға қатысты. Қаңтар қырғыны аяқталғалы бері қолды болған қарулар сақталған орындарды әшкерелеу жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Брифингте Е.Қилымжанов Алматы қаласында «Оружейник» аңшылық дүкенінен ұрланған 12-калибрлі винчестер мен «Қорған» дүкенінен ұрланған 2 мылтықтың табылғанын мәлімдеді. Бұл қаруларды ұрлады деген күдікпен деструктивті діни ағымының жақтаушысы С. есімді азамат ұсталған. Ал Таразда қанды қырғын кезінде облыстық полиция департаментінен 4 «Макаров» тапаншасы мен 131 оқ-дәріні қолды қылған тұрғын қолға түскен.
«Алматы облысында «Қазақстандықтар» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың қару қоймасы табылды. Олар атыс қаруларын Талғар ауданына қарасты Бәйтерек кентінің шетіндегі қараусыз қалған ғимаратта сақтап келген. Қоймадан 28 қару-жарақ табылды. Оның 2-уі «Калашников» автоматы, 3-уі «Макаров» тапаншасы. Сондай-ақ шетелдік өндірістің 4 тапаншасы, 5 екі ұңғылы және 10 бір ұңғылы мылтық, 2 шолақ мылтық, түрлі калибрлі оқтар, жарық-шу гранаталары мен бронижилеттер табылды», дейді Бас прокуратура өкілі.
Жалпы, ел бойынша құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 750-ден астам мылтық пен тегіс ұңғылы қаруды тапқан. Табылған қарудың ең көбі Жамбыл облысында – 281, Алматы қаласында – 249, Алматы облысында 201 қару тәркіленген.
Сөзінің соңында Е.Қилымжанов заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын ескертті. Алайда «олардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауы қажет». Сондай-ақ ол әлеуметтік желілердегі әрбір фейк ақпараттың жіті тексерілетінін, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске сала келіп, осы уақытқа дейін осындай негізсіз хабарламалар бойынша 11 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгенін атап өтті.
Қаңтар оқиғаларын тергеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырған ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов қазіргі таңда ішкі істер органдарының тергеушілері 402 айыпталушыға қатысты 255 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдағанын мәлімдеді. Ең көп іс Алматы қаласының еншісінде – 183, Алматы облысы бойынша – 46 және Көліктегі полиция департаменті бойынша 10 қылмыстық іс тергелген. Ал осы істер бойынша жәбірленушілердің шамамен 95 миллион теңге шығынының орны толтырылған.
«Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар мен қатысушыларына, сондай-ақ террористік шабуылдарға қатысты тергеуді арнайы прокурорлар жүргізеді. Ал ІІМ тергеушілері өндірістегі қылмыстық істер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әр адамның жеке басын зерделейді және оларды жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс жасауға не итермелегенін анықтайды. Осыған орай біздің басты мақсатымыз құқық бұзушылардың барлығын барынша қатаң жауапкершілікке тарту емес екенін атап өткім келеді», деді полковник.
Оның айтуынша, «күдіктілердің көбі адал азаматтар болғанымен, оқиға кезінде жылдам байып кетемін деп ойлаған немесе басқалардың сөздеріне еріп кеткен». «Арасында қалың топтың ішінде қылмысым байқалмай қалады деп үміттенгендердің де бары анық», дейді ол. Осыған орай қаңтар қырғыны кезінде 323 жаза басқан азаматтың жеке басы, жағымды мінездемелері мен залалды өтегені ескеріліп, қамаудан босатылған. Сонымен қатар 214 айыпталушының 194-і сот кезінде осындай негіздер бойынша бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазалау шараларына кесілген. Бұдан бөлек, Алматы қаласында тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған.
«Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде бұрын қабылданған шешімдерді ескермесек, 1 260 қылмыстық іс бар. Бұл істер бойынша ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 158 адам күзетпен ұсталды. Олардың кінәсі негізінен қылмыс орындарынан алынған бейнежазба, куәлар мен көзбен көрген куәгерлердің, сондай-ақ алынған заттай айғақтарымен дәлелденген», дейді С.Әділов.
Жақында қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде және прокурорлардың келісуімен осы қылмыстық істер бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданбақ. ІІМ өкілі сондай-ақ брифинг барысында халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ұрланған қару мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қаруды өз еркімен тапсыру бойынша қарқынды түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде азаматтар 125 қаруды полицияға өздері әкеліп тапсырған. «Біз тек қаңтар қырғыны кезінде ұрланған қару-жарақтарды ғана емес, заңсыз сақталған және тіркелмеген қарудың барлық түрлерін табу бойынша жедел іс-шаралар белсенді жүргізіп келеміз. Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі таңда полиция органдары 1 460 қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәріні тапты», деп мәлімдеді С.Әділов.
Қаңтар оқиғасы кезінде ең көп тіркелген қылмыс түрі – ұрлық. Осыған орай жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған мүлкін іздестіру мен табу бойынша жұмыстарға да ерекше мән беріліп отыр. ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда полиция органдары азаматтардың құны 340 миллионнан астам теңгеге бағаланатын ұрланған дүние-мүлкін тауып берген.