Теннис • 20 Сәуір, 2022

Елена Рыбакина Штутгарт турнирін сәтті бастады

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елена Рыбакина Штутгарт турнирін сәтті бастады

Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 224-орында тұрған, жарысқа арнайы шақырту алған германиялық Настасья-Мариана Шункпен шеберлік байқасты. Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді. Өткен аптада елордада Қазақстан – Германия матчында Лаура Зигемунд пен Анжелика Керберді ұтқан Елена бұл жолы да олардың отандасына тап болды. Бірінші партияда 19 жастағы неміс спортшысы 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Е.Рыбакина басымдық танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Алайда матчқа доп бергенде, Шунк брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда қайтадан брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Рыбакина жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен тартысқа түседі.