Ауыр атлетика • 20 Сәуір, 2022

Зульфия Чиншанло Олимпиада рекордын жаңартты

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншалло Қызылорда қаласында ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында төрт рекордты жаңартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зульфия Чиншанло Олимпиада рекордын жаңартты

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мәлім еткеніндей, Зульфия 59 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Ол қоссайыс қорытындысында 223 келіні (95+128) көтерді. Екінші орынға ие болған қарсыласын 51 келіге артқа қалдырған З.Чиншалло Қазақстанның төрт рекордына (жұлқа көтеруден екі, серпе көтеруден бір және қоссайыс қорытындысында) қол жеткізді.

Сонымен қатар қазақстандық ауыр атлетке Ашхабад қаласында 2018 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдесі де табыс етілді. Бұл біріншілікте Зульфия бесінші орынға табан тіреген еді. Әйтсе де оның алдындағы екі спортшының нәтижелері жоққа шығарылғандықтан, З.Чиншанло үздік үштікке іліккен еді.

З.Чиншалло ел біріншілігіне тыңғылықты дайындалғанын, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдесін алғанына қуанышты екендігін, бұдан былай да тынбай еңбектене беретінін жеткізді.

Зульфия Чиншанлоны осынау табысымен Илья Ильин Инстаграмдағы парақшасында құттықтады.

«Бүгін Зульфия Чиншанло серпе көтеруден 128 кг олимпиада рекордына қол жеткізді. Жалпы нәтиже – 223 кг және әлемдік рейтингте 1-орынға көтеріледі. Саған өзіңнің бесінші олимпиадаңа барып, алтын алуыңа тілектеспін», деп жазды И.Ильин.